Танымал әнші баласының видеосын жариялаймын деп заң алдында жауап берді
Полиция әлеуметтік желіде жарияланған видео арқылы әншіні жазаға тартты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші әрі блогер Ринат Шамшырақ көлікте кішкентай баланы арнайы қауіпсіздік құрылғысынсыз тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиға әлеуметтік желіде жарияланған видеодан кейін белгілі болды. Кадрларда көліктің алдыңғы бөлігінде кішкентай баланың арнайы автокреслосыз отырғаны көрінеді. Ал әншінің жұбайы артқы орында отырған.
Желі қолданушылары бұл әрекетті жол қозғалысы ережесін бұзу деп бағалап, тиісті органдарды шара қолдануға шақырды. Заңгер Анна Чернова да видео авторын жауапкершілікке тарту қажет екенін айтқан.
Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласының полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство әлеуметтік желілердегі жарияланым арқылы Lixiang L7 көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзғанын анықтағанын хабарлады.
Тексеру барысында көлік жүргізушісі мен жолаушының кім екені анықталған. Олар бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылды.
Атап айтқанда, балаға арналған арнайы ұстап тұратын құрылғысыз тасымалдау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін қолдану талаптарын бұзу фактілері тіркелген.
Полиция мәліметінше, жүргізушімен мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілген.
Айта кетейік, бұған дейін жаз маусымы басталғалы бері Астанада жол қозғалысы ережесін бұзған 19 мыңнан астам тұрғын жауапқа тартылғаны хабарланған.
Материал авторы