1365

Қостанайдағы арнайы орталықта 14 жастағы жасөспірім күндізгі ұйқы кезінде көз жұмған

Қайғылы жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды.

Қостанайдағы арнайы орталықта 14 жастағы жасөспірім күндізгі ұйқы кезінде көз жұмған
123RF

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай қаласындағы Балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы тәрбиеленуші қайтыс болды. Мүгедектігі бар жасөспірімнің өліміне байланысты қазір тергеу жүріп жатыр. 

Қайғылы жағдай 28 шілде күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бала күндізгі ұйқы кезінде көз жұмған.

Қостанай облыстық құқық қорғау орталығының мәліметінше, орталық қызметкерлері жасөспірімнің жүрегі тоқтап қалғанын айтқан. Сонымен қатар олар баланың жағдайының нашарлауына ғимарат ішіндегі ыстық әрі ауа температурасының жоғары болуы әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Оқиға бойынша Қостанай қаласы полиция басқармасының Солтүстік бөлімі қылмыстық іс тіркеген. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, жасөспірімнің нақты өлім себебі анықталып жатыр.

«Тергеу шаралары жүргізілуде, сараптамалар тағайындалды. Өлімнің себептері мен жағдайына тергеу барысында толық баға беріледі», – деді Қостанай облысы әкімдігінің өкілдері.

Алдын ала болжам бойынша, өлімге жүректің тоқтауы себеп болуы мүмкін.

Әкімдік мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні тәрбиеленушінің жағдайы қанағаттанарлық болған. Оның дене қызуы көтерілмеген, шағым айтпаған, белсенді болғаны және түскі ас ішкеннен кейін күндізгі ұйқыға жатқаны хабарланды.

Билік өкілдері арнайы орталықта балаларға тәулік бойы күтім көрсетілетінін атап өтті. Әр топта кіші медициналық қызметкерлер жұмыс істейді, медициналық бекеттер бар. Балалардың жағдайын педиатр мен невропатолог секілді мамандар тұрақты бақылауда ұстайды.

Сонымен қатар орталықтағы әр топта кондиционер орнатылғаны, ал ыстық күндері бөлме температурасы мен су ішу тәртібінің сақталуы ерекше бақылауда болатыны айтылды.

Тергеу аяқталғаннан кейін жасөспірімнің өліміне нақты не себеп болғаны белгілі болады.

Материал авторы