1161

Танымал актриса Жанаргүл Жаныаманова өмірден өткен ұлына жазба арнады

Тұңғышынан айырылған өнер иесі емдеу барысына қатысты жауапсыз сұрақтары бар екенін жасырмай, тағдырға сенім артатынын жеткізді.

Танымал актриса Жанаргүл Жаныаманова өмірден өткен ұлына жазба арнады
instagram.com/zhanargul_zhanyamanova

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі қазақстандық актриса Жанаргүл Жаныаманова өмірден өткен тұңғыш ұлына арнап жүрекжарды жазба жариялады. Өнер иесі баласымен бірге түскен суреттерін бөлісіп, оған деген мәңгілік махаббаты мен сағынышын жеткізді.

Актриса әлеуметтік желідегі парақшасында 12 жыл бойы ерекше перзенттің ата-анасы болу бақыты бұйырғанын айтып, Жаратушыға шүкіршілік ететінін жазды.

«Мәңгілік махаббатымыз! Мәңгілік сағынышымыз! 12 жыл өте мейірімді, ақылды, сұлу, талантты, дана тұлғаның ата-анасы болғанымызға Аллаға рахмет. Сен бізге ұстаз болдың, ұстаз болып қаласың. Көп нәрсені үйреттің, әлі де үйретесің. Сен бізге мейірімділіктің, шыдамдылықтың, нағыз мұсылмандықтың үлгісін көрсеттің», – деп жазды Жанаргүл Жаныаманова.

Өнер иесі ұлының емделу кезеңіне байланысты көкейінде әлі де жауапсыз қалған сауалдар бар екенін жасырмады. Алайда барлық жағдай Жаратушының қалауымен болғанына сенетінін атап өтті.

«Емдеу барысына қатысты көкейімде жауапсыз қалған сұрақтар бар. Бірақ “Құдайсыз қурай да сынбайды” демек, бұл сынақта Жаратушының бір хикметі бар», – деді актриса.

Жанаргүл Жаныаманова жазбасының соңында баласымен рухани байланысы үзілмегенін айтып, ерекше ой бөлісті.

«Баламыз өмір сүруін тоқтатқан жоқ, мәңгілік өмірге бізден бұрын оралды. Біздің қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, ата-ана ретіндегі міндетіміз де аяқталған жоқ. Ол қазір үйде, керісінше біз қонақтамыз», – деп жазды ол.

Еске салайық, 1 маусымда актерлер Рүстем және Жанаргүл Жаныамановалардың тұңғыш ұлынан айырылғаны белгілі болған еді. Өнер иелері баласының денсаулығына байланысты бірнеше жыл бойы ауыр кезеңді бастан өткергенін айтқан.

Рүстем Жаныаманов бұған дейін ұлының дертімен алты жыл күрескенін жеткізген. Оның айтуынша, бұл сынақ отбасының бірлігін нығайтып, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қолдауын арттырған.

Ал Жанаргүл Жаныаманова бұл жағдай олардың өмірге, отбасыға және жақын адамдардың қадіріне деген көзқарасын өзгерткенін айтқан.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор