1217

«Сұлудың жоқ дегені – жоқ»: Әділет Жауғашар даулы әні үшін халықтан кешірім сұрады (ВИДЕО)

Көпшілік әнді марқұм Нұрай Серікбайдың жағдайымен салыстыра айтып, әншіні сталкингке шақырып жатыр деп айыптаған еді.

«Сұлудың жоқ дегені – жоқ»: Әділет Жауғашар даулы әні үшін халықтан кешірім сұрады (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Әділет Жауғашар соңғы күндері қоғамда қызу талқыға түскен «Сүй иә» әніне қатысты түсініктеме беріп, тыңдармандарынан кешірім сұрады.

Әлеуметтік желі қолданушылары әннің қайырмасындағы «Сұлудың жоқ дегені – иә» деген жолға назар аударып, оны сынға алған. Көпшілік бұл тіркесті қыздың келісімін елемеуге немесе зорлық әрекетін ақтауға жақын мағынада қабылдаған.

Осыдан кейін әнші әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы видеоүндеу жариялап, композицияның шығу тарихын түсіндірді.

Әділет Жауғашардың айтуынша, ән мәтінін жазу кезінде жазушы Әзілхан Нұршайықовтың шығармасындағы ойға сүйенген. Алайда ол бұрынғы қоғам мен қазіргі заман арасындағы айырмашылықты толық ескермегендерін мойындады.

«Құрметті тыңдармандар, әлеуметтік желіде өзіме қатысты айтылып жатқан пікірлерді көріп, оқыдым. «Сүй иә» әнін жазғанда жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік. Бірақ ол кісі өмір сүрген қоғам мен қазіргі қоғамның айырмашылығын ескермеппіз. Бұл әннің көптің көңіліне тиетінін ойламадық», – деді әнші.

Ол өз кезегінде зорлық-зомбылыққа қарсы екенін айтып, әннің мәтіні қоғамға кері әсер етуі мүмкін екенін түсінгенін жеткізді.

«Өзім де зорлық-зомбылыққа қарсымын. Оның үстіне әкеммен емес, анамның тәрбиесінде өстім. Егер бұл ән сіздердің көңілдеріңізден шықпаса, енді оны орындамаймын. Баршаңыздан кешірім сұраймын. Сұлудың «жоқ» дегені – жоқ», – деді Әділет Жауғашар.

Сонымен қатар әнші өзіне қатысты бойкот жариялау туралы пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, сын айтуға әркімнің құқығы бар, алайда оның шығармашылық жолын толық жоққа шығару дұрыс емес.

«Пікірдің астында «Әділет Жауғашарға бойкот жариялайық», «мұндай әншіні құрту керек», «Алматы аренадағы концертіне бармаңдар» деген сөздер де жазылып жатыр екен. Бұл артықтау. Өмір бойы үлкен сахнаны, үлкен аренаны армандадық. Соған сәл қалған кезде бұлай жасамаңыздар», – деді ол.

Даулы ән төңірегіндегі жағдай қоғамда өнер туындысындағы сөздің жауапкершілігі мен оның қазіргі заман құндылықтарымен үйлесуі туралы пікірталас тудырды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор