771

Түркістан облысының тауларында турист көз жұмды

Бір турист мерт болып, оның серігі тікұшақпен құтқарылды.

Түркістан облысының тауларында турист көз жұмды
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысындағы тауда жорық кезінде туристің бірі денсаулығының күрт нашарлауынан қайтыс болды. Оның серігі асудан өздігінен түсе алмай, құтқарушылардың көмегімен эвакуацияланды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасы жазды.

Оқиға Төлеби ауданындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орналасқан Шүнкілдек асуында болған. Авариялық-құтқару жұмыстары теңіз деңгейінен шамамен 2400 метр биіктікте жүргізілді.

Министрліктің мәліметінше, оқиға туралы хабарды туристің серігі берген. Оның айтуынша, бірге жүрген досының денсаулығы кенеттен сыр беріп, сол жерде көз жұмған. Біраз уақыттан кейін өзі де өзін жайсыз сезініп, асудан өз күшімен түсе алмағандықтан, құтқарушылардан көмек сұраған.

Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жедел жіберілді.

Құтқарушылар тікұшақтың көмегімен 1993 жылы туған азаматты қауіпсіз жерге жеткізді. Оны жедел жәрдем дәрігерлері қарап, қажетті медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер оның ауруханаға жатқызуды қажет етпейтінін айтты.

Сонымен қатар 1978 жылы туған ер адамның мәйіті таудан түсірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол денсаулығының күрт нашарлауынан қайтыс болған.

Осыған байланысты ТЖМ тауға шығар алдында маршрут туралы жақындарына алдын ала хабарлауды, ауа райы болжамын ескеруді, байланыс құралдарын, ауызсу қорын, дәрі қобдишасын және қажетті дәрі-дәрмектерді бірге алып жүруді еске салды.

Материал авторы