120 миллион теңге: Ақтөбеде алаяқтардың ақшасын заңдастырғандар әшкере болды
Қылмыстық топ ұрланған қаражатты криптовалютаға айналдырып, жалған құжаттар арқылы заңдастырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында интернет-алаяқтардың жымқырған қаржысын қабылдап, криптовалюта арқылы заңдастырумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Тергеу мәліметінше, келтірілген шығын көлемі қазірдің өзінде 120 миллион теңгеден асқан.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ құрамында 10-нан астам адам болған. Олар заңсыз қаржы айналымын жүзеге асыру үшін 150-ден астам дропперді – банк шоттарын басқа адамдардың атына рәсімдеп пайдаланған тұлғаларды тартқан.
Тергеу барысында күдіктілер алдын ала дайындалған ұялы телефондарға банк қосымшалары мен криптоәмияндарды орнатып, дропперлердің есепшоттарын қашықтан басқарғаны анықталған. Осылайша қаржы операциялары шот иелерінің тікелей қатысуынсыз жүргізіліп отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігі блокчейн-талдау құралдарының көмегімен ұрланған қаражаттың қозғалыс тізбегін толық қалпына келтірген. Тергеу нұсқасына сәйкес, алдымен ақша транзиттік банк шоттарына түскен, кейін бақылаудағы дропперлердің есепшоттарына аударылған. Одан әрі қаражат криптовалюталық платформа арқылы USDT цифрлық активіне айырбасталған.
Заңсыз операцияларды заңды етіп көрсету үшін жалған қарыз шарттары мен номиналды компаниялар пайдаланылған. Соңғы кезеңде қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған.
Қазіргі уақытта Қазақстанның 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталған. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын көлемі 120 миллион теңгеден асады.
Агенттік мәліметінше, қылмыстық топтың сегіз мүшесі қамауға алынған. Тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сот санкциясымен күдіктілердің сегіз пәтеріне, бір автокөлігіне және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтеріне тыйым салынды.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Материал авторы