798

Павлодардағы жындыханада науқастарды әжетханада ұрып-соқты деген ақпарат тарады

Әлеуметтік желіде тараған мәліметтерде егде жастағы пациенттерге жүйелі түрде күш көрсетілгені айтылды.

Павлодардағы жындыханада науқастарды әжетханада ұрып-соқты деген ақпарат тарады
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығында емделушілерге күш көрсетілген болуы мүмкін деген ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Мекеме бұл мәліметке байланысты қызметтік тексеру басталатынын мәлімдеді.

Желіде тараған ақпаратқа Threads әлеуметтік желісіндегі жазба себеп болған. Онда автор ерлерге арналған №2 бөлімшеде егде жастағы науқастарға жүйелі түрде физикалық күш қолданылуы мүмкін екенін айтқан.

Жазба авторының мәліметінше, санитарлардың бірі бейнебақылау камералары жоқ орындарда, әсіресе дәретхана бөлмелерінде пациенттерді соққыға жығады деген күдік бар. Сондай-ақ кейбір науқастардың денесінде көгерген іздер байқалатыны, алайда олар болған жайт туралы айтуға қорқатыны айтылған.

Автордың сөзінше, әңгіме бір ғана оқиға туралы емес, расталған жағдайда жан-жақты тергеуді қажет ететін ықтимал жүйелі әрекеттер туралы болуы мүмкін.

Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірді.

«Әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтер бойынша орталықта қызметтік тексеру жүргізіледі. Қазіргі уақытқа дейін пациенттер тарапынан ешқандай арыз немесе шағым түскен жоқ», – деп хабарлады мекеме.

Еске салайық, бұған дейін қарқынды бақылаудағы республикалық мамандандырылған психиатриялық ауруханадағы науқастардың жағдайына қатысты да шағымдар жарияланған болатын. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аталған мекемеде кешенді тексеру бастаған еді. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор