Тауар іздеу бұрынғыдай болмайды: Glovo жаңа ЖИ-сервисін таныстырды
Енді пайдаланушылар ChatGPT немесе Claude арқылы қажетті тауарды сипаттап, бірнеше минут ішінде дайын ұсыныстар ала алады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жасанды интеллект электрондық коммерция саласын түбегейлі өзгертіп келеді. Енді пайдаланушылар ChatGPT және Claude платформаларындағы ЖИ-ассистенттермен сөйлесу арқылы тауар іздеп, бағаларды салыстырып, тапсырыс бере алады. Бұл туралы Glovo компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Компания «әңгімелесу арқылы сауда жасау» (conversational commerce) тұжырымдамасын дамыту аясында өз сервисін ChatGPT және Claude платформаларымен біріктірді. Соның нәтижесінде қолданушыларға енді қосымшадағы санаттар мен сүзгілерді ақтарудың қажеті жоқ. Қажетті тауарды немесе қызметті ЖИ-ассистентке сипаттап жазу жеткілікті.
Мысалы, пайдаланушы белгілі бір бюджетке кофе сүйетін адамға сыйлық таңдауды немесе бірнеше адамға кешкі асқа қажетті азық-түлік тізімін құрастыруды сұрай алады.
Glovo аккаунтын ChatGPT немесе Claude жүйесіне байланыстырғаннан кейін пайдаланушы Shopping Assistant-пен диалог жүргізеді. Жасанды интеллект әңгіменің мәнмәтінін, бюджет пен басқа да талаптарды есте сақтап, жақын маңдағы дүкендер мен мейрамханалардағы қолжетімді ұсыныстарды іріктейді.
Сервис фотосуреттері бар тауарлар топтамасын ұсынып, олардың бағасын, рейтингін және сатушы немесе мекеме туралы ақпаратты көрсетеді. Ал тапсырысты рәсімдеу мен төлем жасау бұрынғыдай Glovo қосымшасы немесе веб-нұсқасы арқылы жүзеге асырылады.
Glovo-ның Қазақстандағы бас директоры Руслан Гамзаевтың айтуынша, бұл пайдаланушымен өзара әрекеттесудің жаңа кезеңіне жол ашады.
«Адамдар ақпарат іздеу және күнделікті міндеттерін шешу үшін генеративті жасанды интеллектіні барған сайын жиі пайдаланып келеді. Сондықтан ChatGPT және Claude платформаларымен интеграция – біздің платформаның эволюциялық дамуының қисынды жалғасы. Біз дәстүрлі іздеуден диалог форматына көшіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – Glovo-ны қарапайым жеткізу қызметінен әрбір клиенттің қажеттілігін түсінетін интеллектуалды сервиске айналдыру», – деді Руслан Гамзаев.
Компанияның мәліметінше, бұл шешім платформалық экономиканың жаңа бағытын айқындайды. Енді пайдаланушылар ұзақ іздеудің орнына қажеттілігін сөзбен сипаттап, ЖИ көмегімен дайын ұсыныстар ала алады.
Glovo – пайдаланушыларды, курьерлерді және бизнесті біріктіретін халықаралық технологиялық платформа. Компания жергілікті мейрамханалардан, супермаркеттерден, азық-түлік және бөлшек сауда дүкендерінен жеткізу қызметін ұсынады. Қазіргі таңда сервис Еуропа, Орталық Азия және Африканың 22 елінде жұмыс істейді және quick commerce нарығының жетекші ойыншыларының бірі саналады.