Маңғыстаудағы жол апатынан жүргізуші қаза тауып, төрт бала жарақат алды
Тасжолда Chevrolet Cobalt көлігі аударылып түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында болған жол-көлік оқиғасы бір адамның өмірін қиып, төрт баланың жарақат алуына себеп болды. Қайғылы оқиға Шетпе – Сайөтес автожолының 252-шақырымында тіркелді. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.
Полицияның мәліметінше, 28 шілде күні таңертең Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Ал көлікте болған төрт бала түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
«Жол апатынан зардап шеккен төрт бала ауруханаға жатқызылды. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиғаға дейін осы көлікті патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан.
Полицейлер жүргізушімен профилактикалық әңгіме өткізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын түсіндірген. Сондай-ақ оған жолда міндетті түрде демалып алуға кеңес берілген.
«Жүргізушіге қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, демалу үшін аялдау қатаң ұсынылған болатын. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады», – деп мәлімдеді полиция.
Материал авторы