1114

Көпшілікке TikTok арқылы танылған Иба әже өмірден өтті

Миллиондаған көрерменнің жүрегінен орын алған Иба әже өмірден өткенін немересі хабарлады.

Көпшілікке TikTok арқылы танылған Иба әже өмірден өтті
tiktok.com/@armaki_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде немересі Мәликамен бірге түсірген бейнероликтері арқылы қалың көпшілікке танылған Иба әже өмірден озды. Қаралы хабарды немересі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Соңғы жылдары Иба әже ұлттық тәрбие, үлкенге құрмет, қарапайымдық пен өмірлік даналықты насихаттайтын бейнероликтері арқылы көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген еді. Немересі қойған түрлі сауалдарға өмірден түйген тәжірибесімен жауап беріп, миллиондаған көрерменнің ықыласына ие болды.

Мәлика жариялаған қоштасу жазбасында әжесінің соңғы күндері денсаулығы күрт нашарлағанын айтты. Оның сөзінше, Иба әже өзін көргенде ерекше қуанып, қолынан қайта-қайта сүйіп қарсы алған.

«Ақ әжем-ау… Шашыңның әрбір ақ талына қарыздармын. Сені әрдайым күліп жүрген қалпыңда көрсетіп үйренген едім. Бүгін мұндай видеоны жариялау маған өте ауыр. Әжемнің жағдайы күрт нашарлап кетті. Мені көргенде: «Сен келгесін болды ғой…» деп қолымды қайта-қайта сүйді. Әжем Иба Қарашаева үшін дұғада болыңыздаршы», – деп жазды ол.

Қаралы хабардан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Иба әженің туған-туыстарына көңіл айтып, оның мейірімі мен өмірлік даналығын еске алды.

Пікір қалдырғандардың басым бөлігі:

«Бәріміздің әжеміздей болып кетіп еді», «Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», «Иманы жолдас болсын», – деген тілектерін жазды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор