Әлемдік хит қазақы бояуға бөленді: Энрике Иглесиастың Bailando әні домбырада шырқалды
Бейнебаян қазақ даласының көркем табиғатында түсіріліп, ұлттық өнер мен әлемдік музыканы бір арнаға тоғыстырды.
Әлемге әйгілі әнші Энрике Иглесиастың Bailando хиті Қазақстанда алғаш рет домбырамен орындалды. Алматылық жас музыкант Иван Жуков әлемдік музыканы қазақтың ұлттық аспабымен үйлестіріп, ерекше бейнебаян ұсынды.
Бейнебаян Алматы маңындағы «Көшпенділер қаласы» этно-кешенінде түсірілген. Ерекше атмосфера қалыптастыру үшін музыкант түсірілімге түнгі сағат екіде шығып, қазақ даласындағы таң шапағын қарсы алған.
Видеода Иван Жуков ұлттық шапан киіп, Қазақстанның табиғаты аясында Bailando композициясын домбырада орындайды. Осылайша әлемдік хит пен қазақтың дәстүрлі музыкасы бір туындыда тоғысып, ерекше музыкалық тәжірибе ұсынылған.

Музыканттың айтуынша, домбыраның мүмкіндігі халық әндерімен ғана шектелмейді.
«Домбыраның мүмкіндігі өте кең. Ол тек халық әндеріне ғана емес, әлемдік хиттерге де ерекше реңк бере алады. Мен соны көрсеткім келеді», – дейді Иван Жуков.
Кәсіби гитарист Иван Жуков домбыраны кейін меңгергенін, ал Enrique Iglesias-тың шығармаларын бала кезінен тыңдап өскенін айтты.
Bailando әні 2014 жылы жарық көріп, әншінің халықаралық деңгейдегі ең танымал туындыларының біріне айналды. Композиция Billboard Hot Latin Songs чартында 40 аптадан астам уақыт көш бастап, XXI ғасырдағы ең танымал испан тіліндегі әндердің бірі ретінде бағаланып келеді.
Айта кетейік, биыл қазақстандық жанкүйерлер Enrique Iglesias-тың концерттерін өз елінде тамашалай алады.
-
3 қыркүйек – Астана, Astana Arena;
-
5 қыркүйек – Алматы, Орталық стадион.
Билеттер Freedom SuperApp қосымшасы мен Ticketon.kz платформасында сатылымда.
