1137

«Бұл – менің күйеуім»: бір ауыз сөз Тараздағы адам өліміне себеп болды

Өз көңілдесін өлтірген ер адамға 13 жыл жаза кесілді.

«Бұл – менің күйеуім»: бір ауыз сөз Тараздағы адам өліміне себеп болды
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында әйелді қызғаныштан тұншықтырып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмысқа әйелдің «Бұл – менің күйеуім» деген сөзі себеп болған. Бұл туралы Halyqstan Telegram-арнасы жазды.

Іс материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға өткен жылы Тараз қаласындағы пәтерлердің бірінде болған. Сол күні ер адам сүйіктісі және оның танысымен бірге спирттік ішімдік ішкен. Қонақ кеткеннен кейін екеуі пәтерде жалғыз қалған.

Осы кезде әйелдің ұялы телефонына қоңырау түскен. Әйел серігіне қоңырау шалған адамның күйеуі екенін айтқан. Тергеу дерегінше, осы сөзден кейін ер адам қызғанышқа бой алдырып, әйелдің мойнынан қылқындыра бастаған. Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыстан кейін ер адам марқұмның құны 15 мың теңге тұратын ұялы телефонын алып, пәтерден кетіп қалған. Ол бірнеше сағат бойы қала көшелерінде жүрген. Кейін саябақтардың бірінде полиция қызметкерлеріне өзі барып, адам өлтіруі мүмкін екенін айтқан.

Полицейлер күдікті көрсеткен мекенжайға барып, әйелдің мәйітін тапқан.

Сот ер адамды адам өлтіру және ұрлық жасау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша оған қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтеумен 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот оның әрекетін қауіпті рецидив деп бағалап, психоактивті заттарды қолдануға байланысты бұзылыстар бойынша мәжбүрлі ем қабылдауды да міндеттеді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор