1361

Алматыда курьер түн ішінде әйел зорламақ болған күдіктіні ұстап алды

Көмек сұраған әйелді естіген курьер бірден күдікті ұстауға көмектескен.

Алматыда курьер түн ішінде әйел зорламақ болған күдіктіні ұстап алды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жеткізу қызметінің курьері түн ішінде көмек сұраған әйелдің жанайқайын естіп, зорлық жасау әрекетінің алдын алды. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі жазды.

Оқиға Медеу ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түнгі сағат 02:30 шамасында болған. Кіреберістен шығып келе жатқан жас курьер күзет бөлмесі жақтан көмекке шақырған әйелдің дауысын естіп, еш ойланбастан оқиғаға араласқан.

Оның батыл әрекетінің арқасында әйелге қатысты жасалып жатқан заңсыз әрекет дер кезінде тоқтатылды. Осыдан кейін оқиға орнына бірден патрульдік полиция қызметкерлері шақырылды.

Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары күдіктіні ұстап, Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізді.

Кездейсоқ куәгердің дер кезінде араласуы ауыр қылмыстың соңына дейін жүзеге асуына жол бермеді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция мұндай жағдайларда азаматтардың бейжай қалмауы мен құқық қорғау органдарына жедел хабар беру ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ осындай оқиғаларға куә болған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласуға шақырды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор