Түркістан облысында бес баланың әкесі ауылдастарымен кездескеннен кейін қаза тапты
Түлкібаста 32 жастағы ер адам жұмбақ жағдайда көз жұмды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Түлкібас ауданында 32 жастағы Маханбет Тұрғанбек ауылдастарымен кездесуден кейін қаза тапты. Марқұмның туыстары оның аяусыз соққыға жығылып, мойнына пышақ жарақаты салынғанын айтып отыр. Бұл туралы tv7.kz жазды.
Қайғылы оқиға 19 шілдеде болған. Мейрамхана маңындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрларда бес ер адамның Маханбет Тұрғанбекті ұрып жатқан сәті көрінеді. Марқұмның жақындарының айтуынша, ол тек соққыға жығылып қана қоймай, мойнынан пышақ жарақатын алып, қансырап жатқан жерінде қалдырылған.
Туыстарының сөзінше, сол күні кешкі сағат 22:00-ден түнгі 00:00-ге дейін таныстары бірнеше рет хабарласып, оны кездесуге шақырған. Үйден шыққаннан кейін ер адаммен байланыс үзілген. Ал түнгі сағат 01:30 шамасында отбасы оның қайтыс болғаны туралы суыт хабар алған.
Марқұмның анасы Бәкізат Алтынбекованың айтуынша, ұлы жер қойнына тапсырылғанымен, күдіктілердің басым бөлігі әлі күнге дейін бостандықта жүр.
«Ұлым жер астында жатыр, ал қалғандары үйлерінде емін-еркін жүр. Арыз жазуға барғанда мені ешкім шақырған жоқ. Ит адамды қапса, полиция бірден келеді. Ал жас жігіт қаза тапқанда неге ешкім жедел әрекет етпеді?» – дейді ол.
Марқұмның жұбайы Индира Қолбайдың айтуынша, оқиғадан бері 11 күн өтсе де, тек бір ғана адам қамауға алынған. Қалған күдіктілер еркіндікте жүр. Оның үстіне, кісі өлтірілгеннен кейін белгісіз адамдар марқұмның телефонына түскен қоңырауларға жауап берген.
Жесір әйелдің айтуынша, мәйіттің денесінде ауыр жарақаттардың ізі болған.
«Басын қатты соққыға жыққан, қол-аяғының саусақтары сынған, денесі түгел көгеріп, ісіп кеткен. Қолында екі жерден пышақ жарақаты болды. Кеңірдегінің жоғарғы тұсына да пышақ сұққан. Күйеуіме қайта қоңырау шалғанымда, телефонды әлгі жігіттер көтеріп, оның саябақтың шетіне кетіп қалғанын, ал телефоны өздерінде екенін айтты», – дейді Индира Қолбай.
Марқұмның артында жары мен бес баласы қалды. Үлкен қызы 11 жаста болса, кенже сәбиі әлі 40 күнге де толмаған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда Түркістан облысы полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Материал авторы