Лукашенконың «армяндар ешкімге керек емес» деген сөзіне Пашинян екі жылдан кейін жауап берді
Пашинян Мәскеудің серіктестікке қатысты ұстанымымен келіспейтінін ашық айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Армения премьер-министрі Никол Пашинян Беларусь президенті Александр Лукашенконың 2024 жылы айтқан «армяндар ешкімге керек емес» деген мәлімдемесіне араға екі жыл салып жауап берді. Бұл туралы Panorama.am басылымы жазды.
Пашинян бұл мәселеге Арменияның Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) арасындағы таңдауына қатысты пікір білдіру барысында тоқталды. Оның айтуынша, Арменияны үнемі «сенімсіз серіктес» ретінде көрсетуге тырысатын көзқарас негізсіз.
«Неліктен бізді үнемі жаман серіктес ретінде көрсеткісі келеді? Армения Республикасы кімге қандай жамандық жасады? Беларусь президенті қалайша егемен мемлекет туралы "Армения кімге керек?" деп айта алады?» – деді Армения үкіметінің басшысы.
Пашинянның сөзінше, Армения Қытайға, АҚШ-қа, Еуропалық одаққа, Иранға, Грузияға, Францияға, Польшаға, Германияға және Ұлыбританияға қажет. Сонымен бірге бұл мемлекеттердің өзі де Армения үшін маңызды серіктес саналады.
Премьер-министр соңғы жылдары Армения Қытаймен, АҚШ-пен, Ұлыбританиямен, Нидерландпен, Франциямен және басқа да мемлекеттермен стратегиялық әріптестік туралы құжаттарға қол қойғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай кең ауқымды халықаралық серіктестік бұрын-соңды болмаған.
Сондай-ақ Пашинян Мәскеудің сыртқы саясаттағы ұстанымына да тоқталды.
«Мәскеу мәселені қарым-қатынас не тек өзіне ғана бағытталуы керек, әйтпесе мүлде болмауы тиіс деген көзқарастан көреді. Біз мұндай тәсілді қабылдамаймыз», – деді ол.
Еске салайық, 2024 жылдың тамызында Александр Лукашенко Ереванның саяси бағытын сынға алып, Армения туралы даулы мәлімдеме жасаған еді.
«Армяндар бізден басқа кімге керек? Ешкімге керек емес. Өз экономикасын дамытсын, қолындағы мүмкіндіктерге сүйенсін. Қандай Франция? Қандай Макрон? Ертең Макрон болмайды, бәрі бұл Арменияны ұмытады», – деген болатын Беларусь президенті.
Ал биыл мамыр айында Лукашенко Пашинянды Еуроодақпен жақындасу арқылы экономикалық пайда болады деп өз халқын жаңылыстырып отыр деп айыптап, мұндай жағдайда Армения үшін ресейлік газдың орнына келетін балама энергия бірнеше есе қымбатқа түсетінін мәлімдеген.
Материал авторы