«Шашынан сүйреп, тізерлеткен»: Алматыда жасөспірім қызды аяусыз қорлап, оны видеоға түсірген
Әлеуметтік желіде тараған бейне қоғамда үлкен резонанс туғызған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда кәмелетке толмаған қыздың қорланып, соққыға жығылған сәті түсірілген бейнежазбаға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды.
Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаеваның айтуынша, әлеуметтік желіде кеңінен тараған бұл оқиға биылғы наурыз айында болған.
Еске салайық, бұған дейін интернетте бірнеше қыздың өз құрдасын ұрып-соғып, шашынан сүйреп, қорлап, тізерлетіп, болған оқиғаны бейнекамераға түсірген видеосы тараған еді. Осы оқиға қоғамда қызу талқыланып, полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Жанат Айтпаеваның сөзінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс бопсалау фактісі бойынша тіркелген.
«Ата-аналармен және білім беру ұйымымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта іс құқық қорғау органдарының өндірісінде, тергеу жалғасып жатыр», – деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тергеудің қорытындысы бойынша процеске қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Материал авторы