Павлодарда бір жарым жастағы сәби терезеден құлап, көз жұмды
Жедел жәрдем оқиға орнына екі минутта жеткенімен, бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласында бір жарым жастағы бала көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап, қаза тапты. Қайғылы оқиға 30 шілде күні кешкі уақытта Торайғыров көшесіндегі аулалардың бірінде болған. Бұл туралы «Павлодар-онлайн» басылымы жазды.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, оқиға туралы хабар 19:23-те түскен.
«Шақырту Торайғыров көшесіндегі үйден биіктен құлау фактісі бойынша тіркелді. Медициналық бригада бірінші санаттағы шұғылдықпен жолға шығып, екі минут ішінде жетті. Алайда оқиға орнында дәрігерлер бір жарым жастағы ұл баланың қайтыс болғанын анықтады», – деп хабарлады «103» қызметінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы