Головкин Ресей боксшыларына жарыстарға қатысуға рұқсат берді
Соғыс басталғалы бері жарыстардан шеттетілген ресейлік боксшылар енді өз ту-әнұранымен байқауларға қатыса береді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, World Boxing федерациясы Ресей боксшыларына халықаралық жарыстарға ұлттық туы мен әнұраны астында қатысуға рұқсат берді. Бұл туралы Ресейдің спорт министрі әрі Ресей Олимпиада комитетінің президенті Михаил Дегтярев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ресейдің бокс федерациясы 2026 жылдың басында World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанған. Соның нәтижесінде ресейлік спортшылар барлық жас санатындағы халықаралық турнирлерге, соның ішінде Олимпиада цикліне енетін жарыстарға қатыса алады.
Дегтярев бұл мәселенің 2026 жылдың қаңтарында Ташкентте өткен кездесуде World Boxing президенті әрі Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен талқыланғанын айтты.
«Ресей боксы әлемдік аренаға қайта оралып жатыр. World Boxing біздің спортшыларға барлық халықаралық жарыстарға ұлттық ту мен әнұран аясында қатысуға рұқсат берді. Бұл – өте маңызды шешім. Өйткені дәл осы ұйымға Халықаралық олимпиада комитеті Олимпиада ойындарындағы бокс турнирін ұйымдастыру құқығын берген», – деп жазды Михаил Дегтярев Telegram-дағы парақшасында.
Оның сөзінше, Ресей спортын халықаралық спорт қауымдастығына кезең-кезеңімен қайта кіріктіру жұмыстары жалғасады.
Бұған дейін Халықаралық олимпиада комитеті Ресей Олимпиада комитетінің мүшелігін қалпына келтіріп, халықаралық спорт федерацияларына ресейлік спортшыларға қатысты енгізілген шектеулерді қайта қарауды ұсынған еді.
Еске салайық, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталған 2022 жылдан бері ресейлік спортшылардың басым бөлігі халықаралық жарыстардан шеттетілген болатын.
Материал авторы