Сербияда қаза тапқан қазақ қызының өліміне қатысты СІМ мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Әкесі қызын іздеп Сербияға барып, қызының жұмбақ жағдайда қаза тапқанын білді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сербия астанасы Белградта Қазақстан азаматының қаза тапқаны туралы ақпараттан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желідегі Threads платформасында қазақстандықтың өліміне қатысты жазбалар таралып, қолданушылар оқиғаға қоғам назарын аударып, жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді талап еткен.
Сондай-ақ TikTok желісінде жарияланған видеода өзін марқұмның әкесі ретінде таныстырған ер адам қызының Белградта жоғалып кеткенін, кейін оның көз жұмғаны белгілі болғанын айтады. Оның сөзінше, отбасы марқұмның мәйітін елге жеткізуге және оқиғаның әділ тергелуіне қолдау сұрап отыр.
Бейнежазбада ер адам қызының өліміне қатысы болуы мүмкін деп күдіктенетін адамның әлеуметтік желідегі парақшасын кейін жариялайтынын айтып, іске басқа адамдардың да қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдейді. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сербиядағы Қазақстан елшілігі жергілікті құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста болып, оларға жан-жақты консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Сыртқы істер министрлігі бұл мәселе ведомствоның ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.
Материал авторы