7088

Саяси һәм әскери оқиғалар да күннің ыстығымен қосыла қатты қызып тұр

Шілде айының соңы үсті-үстіне тосын оқиғаларға толы болып жатыр.

Саяси һәм әскери оқиғалар да күннің ыстығымен қосыла қатты қызып тұр

Қазақстан президентінің Ресей президентіне соғысты тоқтатуды ұсынғаны әлемді дүр сілкіндірді. Бұдан әлем Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаражаяу саясаткер емес екеніне, ғаламдық саяси ойындардың ішінде суда жүзген балықтай еркін адам екеніне тағы да бір рет көз жеткізді. Ресейдің жерінде, Ресейдің президентіне соғысты тоқтату туралы ұсыныс айтудың өзі үлкен ерлік болса керек. Осы соғысты тоқтатсаң дұрыс болар еді деп Путинге Трамп та, Си Цзиньпин де, Еуропа елдерінің көшбасшылары да айтса айтқан болар. Ал Тоқаевтың жөнімен, дұрыстап айтқаны сенсацияға бергісіз оқиға болды. Тоқаевтың ұсынысын өзге көшбасшылар да, мың сан сарапшылар мен саясаттанушылар да аспанға көтере қос қолдап қуаттады. Ұсыныстың әрбір сөзі сараланған, таразыланған және жоғары дипломатиялық деңгейде жеткізілді. Өкінішке қарай Ресей билігі ізгі жолға бастайтын ұсынысты қабылдамай отыр. Тоқаев Стамбул келіссөзін жалғастыру жөнінде айтты. Бұл келіссөз соғыстың қазіргі жеткен сызығына тоқтауды көздейді. Ал Американың Анкориджінде өткен келіссөз Украинаның Донецкісін, Луганскісін, Запорожье мен Херсон облыстарын түгел Ресейге өткізуді көздейді. Сондықтан Путин Стамбул келісіміне жолағысы келмейді.

Тоқаевтың ұсынысынан соң Путин іле-шала Ресейдің Қазақстанмен және Өзбекстанмен әскери ынтымақтастық келісімдерін қайта қарау туралы тапсырма берді. Ресей үкіметі бұған байланысты Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтерімен келіссөздерді бастап жатыр. Бұрынғы келісімдер қандай өзгерістерге ұшырайтыны жайлы айтылған жоқ, әзірге белгісіз. Сарапшылардың пікірінше, әскери ынтымақтастық жайлы келісімдерді қайта қарау Батыстың Ресейге қойылып келген санкцияларының күрт күшейетінімен байланысты.

Фото: Администрация Президента России

Ресейдің соғысты тоқтатуға еш құлқы жоқ екені анық байқалады. 26 шілдеде Владимир Путин әскери-теңіз флотының қызметкерлерімен кездескен еді. Сондағы әңгімесінің арасында Ресей халқының бірлігі мықты екенін, адамдар арнайы операция біткеннен кейін немен айналысамыз деп уайымға түсіп жүргенін айтты. Әскерилерге арнап қолғап, шұлық тоқып жүрген балалар мен олардың аналары және кәрі апалары соғыс үшін еңбек етіп, Отан үшін керек үлкен істі тындырып жүрміз деп есептейтінін де қоса айтты. Олар соғыс біткеннен кейін қадіріміз кеміп кете ме деп алаңдайтынын да Президент айтып отыр. Сөз арасында тағы бір айтқаны – Украина жерінің тұтастығына кепіл болатын мемлекет Ресей деп салды. Путиннің бұл сөздерін сау адамның сөзі емес деп жатқан сарапшылар аз емес. Қалай болғанда да соғысты тоқтататын адамның сөздеріне ұқсамайтыны рас.

Украина дрондары Каспий теңізінде Қазақстанның екі танкеріне және Иранның бір кемесіне шабуыл жасады деген сөз тарады. Бұл өте күрделі жағдай. Соғыс өрті Ресейдің одақтастарын да шарпи бастады деп шулағандар болды. Иран өз ракетасының Украина жеріне жететінін айтып, азу көрсетті. Ал Украина билігі Иран мен Қазақстан су көліктері әскери нысандар еместігін мәлімдеді. Украина билігі ол танкерлер мен кемені арандату мақсатында Ресейдің әскерилері атуы мүмкін екенін айтты. Ресей әскерилері өздері атып түсірген Украина дрондарын жөндеп, қайта ұшыруы әбден мүмкін деп жатыр.

Жоғарыда санкцияның күшейтілетіні жайлы айттық. Бірер күн бұрын Украина президенті Америкада болған еді. Ол Украинаның үлкен досы, Ресейге қарсы санкциялардың қозғаушы күші, сенатор болған Линдси Грэмді ақтық сапарға шығарып салуға барған. Сол сапарында Ақ үйде Дональд Трамп пен Зеленскийдің ұзақ әңгімесі болды. Әуе қорғанысы үшін Украинаға Patriot қондырғысына керекті ракета өндірісінің америкалық лицензиясы беріледі. Кездесудің нәтижелі болғанын Ақ үй де, Украина президентінің әкімшілігі де атап өтті. Зеленский АҚШ Конгресінде де болды, депутаттармен кездесті. Ресейге қарсы санкцияларды күрт күшейтуді конгрессмендердің басым бөлігі қолдап дауыс берді. Дауыс беру сәтін Зеленский сыртта экраннан көрді. Демек санкцияларды күрт күшейту мәселесі Конгрестен өтті. Ал тамыздың басынан Конгресс те, Сенат та каникулға шығады. Сондықтан құжат Сенатқа каникулдан кейін қыркүйекте түседі. Сенаттан өтсе, енді алдағы күзде Ресейге қарсы АҚШ санкциялары еселеп артып кетеді. Ресей президентінің Қазақстанмен және Өзбекстанмен әскери ынтымақтастық жөніндегі келісімдерді қайта қарауына осы алдағы санкциялар себеп болуда дегеннің жаны бар. Алдағы санкция бойынша Ресейдің мұнайы мен газын сатып алған елдерге, Ресейге әскери тауарлар мен электроникалық құралдарды, техникаларды жіберген немесе өз жерінен өткізген елдерге де қатаң санкциялар енгізіледі. Енді Ресей билігі санкцияларды айналып өту үшін Қазақстанмен және Өзбекстанмен әскери ынтымақтастық келісіміне өзгерістер енгізуге әрекет етуі мүмкін. Егер бұған Қазақстан мен Өзбекстан көшбасшылары көнсе.

Осы сияқты тосын оқиғалар шілде айының соңын ала көбейді. Армения болса ЕурАзЭҚ көпке бармай тарап тынады деген сөзді шығарып отыр. Оның сөзі ЕурАзЭҚ шалажансар ұйымға айналды, оның ешбір болашағы жоқ, себебі бұл ұйымда әділдік жоқ дегенге саяды.

Сурет: Social Media via REUTERS

Ал Украина Ресейдің Wildberries маркетплейсі деп аталатын логистикалық ірі жүйесінің қоймаларын тауарымен қоса бірінен соң бірін жойып жатыр. Ресейдің еуропалық бөлігінде Wildberries-тің 25 ірі қоймасы бар екен. Соның қазіргі күнге оншақтысы жойылды. Бұдан Ресейдің экономикасы орасан үлкен зардап шегуде. Тек бюджеттің өзі триллиондаған рубль салықтан қағылып отыр. Ал әскери тауардың екі мыңдай түрі осы маркетплейс арқылы тасымалданып және таратылып келгені айтылуда. Әскери тауар дегенде әскери формаға, жабдықтау мен қамтамасыз етуге керек мың сан бұйымдар және дронның бөлшектерінің тасымалы мен таратылымы осы маркетплейстен өткізіліп келгенге ұқсайды. Әрине, өзге де тұрмыстық сан алуан түрлі тауардың ішінде әскери тауар да маркетплейс қызметінің бір бөлігін алып келсе керек. Қазір қалған қоймалардағы әскери тауарларды шұғыл түрде сауданың өзге құрылымдарының қоймаларына жеткізіп жатыр деген әңгіме бар. Мысалы, спорт тауарларымен байланысты қоймаларға апарып жайғастырады.

Қысқасы, әлемде нелер болмай жатыр дейсіз. Бәрі де болып жатыр. Тыныштық болғай.

Материал авторы

Серік Алдан
Серік Алдан Саяси шолушы