Оралда 18 жастағы қыз жасөспірімді құтқарамын деп өзі суға кетті
Жүзуді білмеген бойжеткен суға батып бара жатқан жасөспірімге көмектесу үшін еш ойланбастан өзенге секірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орал қаласында 18 жастағы Алсу Ермағамбетова суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқармақ болып, өзі көз жұмды. Қайғылы оқиға Жайық өзенінде болған. Бұл туралы mgorod.kz сайты жазды.
Қайғылы жағдай 16 шілде күні Ремзауыт ауданындағы суға түсуге арналмаған жағажайда болған. Алсу Ермағамбетова жүзе алмағанына қарамастан, суға батып бара жатқан 16 жастағы жасөспірімге көмектесу үшін өзенге секірген.
Сол күні бойжеткен құрбысымен және екі танысымен бірге жағалауда демалып, медицина колледжіне оқуға түскенін атап өткен. Марқұмның тәтесі Айгүл Хусаинованың айтуынша, Алсу Теректі ауданының Теректі ауылында әжесінің қолында өсіп, білім алған. Мектепте жақсы оқып, спортпен айналысқан және түрлі жетістіктерге қол жеткізген.
Туысының айтуынша, олар жағалауда отырып шырын ішіп, пицца жеген. Кейін Алсу мен құрбысы суға тізеден ғана кірген, ал 16 жастағы жасөспірім тереңірек жүзіп кеткен. Бір сәтте ол көмек сұрап айқайлай бастаған. Әуелде жұрт мұны әзіл деп қабылдағанымен, көп ұзамай оның шынымен батып бара жатқанын түсінген.
Сол сәтте жүзуді білмейтін Алсу еш ойланбастан көмекке ұмтылған. Жасөспірім жағаға шығып үлгерген, оған кейінірек жеткен ер адам да көмектескен. Алайда Алсуды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Марқұмның құрбысы оның су астына кетер алдындағы көтерілген қолын ғана көргенін айтқан. Құтқарушылар оқиға орнына шамамен 40 минуттан кейін жетіп, қыздың денесін ағыс бойымен 40 метр төмен жерден тапқан. Жедел жәрдем дәрігерлері оның қайтыс болғанын растады.
Айгүл Хусаинованың сөзінше, Алсуды тәрбиелеп өсірген әжесі үшін бұл орны толмас қаза болған. Ол немересін судан қатты қорыққандықтан ешқашан шомылуға жібермейтін көрінеді. Алсу болашақта дәрігер атанып, әжесін емдеуді армандаған.
Марқұммен қоштасу рәсімі 20 шілде күні өтті.
Материал авторы