2529

Түркияға табыс табуға кеткен ақтөбелік Грекияда 125 жылға сотталды

Ақтөбелік әйел ұлының қылмыстық схемаға алданғанын айтты.

Түркияға табыс табуға кеткен ақтөбелік Грекияда 125 жылға сотталды
Актобе Таймс

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбелік әйел ұлына көмек көрсету үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгінді. Оның айтуынша, Түркияға жұмыс істеуге кеткен 24 жастағы Рашид Қадиров Грекияда адам тасымалы ісі бойынша 125 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы «Актобе Таймс» басылымы жазды.

Нұрхан Қадырованың сөзінше, ұлы Instagram желісінен Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыруды көрген. Оған ұшақ билеті төленіп, туристерді моторлы қайықпен серуендететін жұмыс ұсынылған.

Алайда кейін белгілі болғандай, Рашид заңсыз мигранттарды Грекияға жеткізу ісіне тартылған. Сол елдің аумағында ол ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Анасының айтуынша, ұлы мигранттарды тасымалдауды ұйымдастырмаған, қайық та оған тиесілі болмаған. Барлық әрекетті белгісіз үйлестіруші басқарған. Сондықтан ол ұлы қылмыстық топтың құрбанына айналды деп есептейді.

Нұрхан Қадырованың мәлімдеуінше, сот процесі кезінде Рашидке аудармашы берілмеген. Соның салдарынан ол мазмұнын түсінбеген құжаттарға қол қойған. Сондай-ақ оған салынған айыппұл көлемі теңгеге шаққанда шамамен 1 миллиард теңгені құрайды.

Қазір отбасы онымен сирек байланысқа шығып, азық-түлік пен жеке гигиена заттарын сатып алуы үшін ақша жіберіп тұрады. Анасының айтуынша, Рашид екінші сот отырысын күтіп отыр.

Басылым Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдап, ведомство бұл жағдайдан хабардар ма, консулдық көмек көрсетілді ме және сотталған азаматты Қазақстанға беру мүмкіндігі қарастырыла ма деген сұрақтарға жауап сұраған. Әзірге министрліктің ресми жауабы жарияланған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің Челябі қаласынан жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен Андрей Кайзердің де Грекия түрмесінен табылғаны хабарланған. Оның жақындарының айтуынша, ол да 125 жылға бас бостандығынан айырылған.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор