1576

«Тану мүмкін болмады»: Нұрай Серікбайдың ағасы сотта ауыр мәлімдеме жасады

Айыпталушы Шерхан Аймахан жауабын өзгертіп, сотта жаңа мәлімдеме жасады.

«Тану мүмкін болмады»: Нұрай Серікбайдың ағасы сотта ауыр мәлімдеме жасады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында істің жаңа мән-жайлары жария болды. Куәгерлер мен марқұмның туыстары сол күнгі оқиғаны айтып, сот залында ауыр мәлімдемелер жасады. Бұл туралы Almaty.tv жазды.

Сот отырысы тағы да ауыр эмоциямен өтті. Айыпталушы Шерхан Аймахан оқиғаға қатысты бұрынғы жауабын өзгертіп, Нұрай өзіне бірінші болып пышақ жұмсағанын алға тартты. Алайда судья оған алғашқы тергеу кезінде берген жауабын еске салды.

Судья Саммидин Тұмыралиевтің айтуынша, алғашқы жауапта айыпталушы Нұрайды пышақтағаннан кейін дәл сол қарумен өзіне қол жұмсамақ болғанын, бірақ батылы жетпегенін мойындаған. Сондай-ақ ол сол кезде болған оқиғаның бәрін анық есінде сақтайтынын айтқан. Осыған байланысты судья қазіргі жауабының бұрынғы көрсетулерімен неге сәйкес келмейтінін сұрады.

Сотта кісі өлтіру оқиғасының куәгері де жауап берді. Оның айтуынша, жұмыстан қайтып келе жатқанда қыздың жан даусын естіп, артынша қолында ұзындығы шамамен 15–20 сантиметр болатын пышағы бар жігіттің жүгіріп өткенін көрген.

Куәгердің сөзінше, жігіт жерде жатқан қызға қайта жақындап, оған тағы бірнеше рет пышақ сұққан. Әйелдің айтуынша, ол қорқыныштан қатып қалып, кейін өзіне де шабуыл жасалуы мүмкін деп қауіптеніп, үйіне қарай қашып кеткен.

Марқұмның ата-анасы бұл көрсетулерді тыңдай отырып, көз жасына ерік берді. Ал Нұрайдың мәйітін алғаш көрген ағасы қарындасын бірден тани алмағанын айтты.

Оның сөзінше, қарындасының денесінде сау жер қалмаған. Қалың жаңа күртешесінің өзі бірнеше жерден тесілген. Ол қарындасының жүзін тану мүмкін болмағанын айтып, сот залында көз жасын тыя алмады.

Нұрайдың ағалары сотта қайғылы оқиғаға дейін Шерхан Аймаханның қызды ұзақ уақыт аңдып, соңынан қалмай жүргенін айтты. Олардың мәлімдеуінше, отбасы құқық қорғау органдарына бірнеше рет хабарласқанымен, нақты шара қабылданбаған.

Туыстарының айтуынша, күдікті бірнеше күн бойы үйдің маңында жүрген. Олар полицияға хабар бергенімен, өтініш тіркелмеген, ал прокуратура іс қозғаудан бас тартқан. Сондай-ақ сенім телефонына жасалған қоңыраулар да нәтиже бермеген.

Қазіргі таңда Шерхан Аймаханға адам өлтірумен қатар адам ұрлау және сталкинг (жүйелі түрде қудалау) баптары бойынша айып тағылған. Сот процесі жалғасып жатыр.

Еске салайық, Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласындағы Төлеметов көшесінің бойында қаза тапқан болатын. Күдікті оқиға орнынан көлікпен қашып кеткенімен, кейін ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Марқұмның туыстары бұған дейін де күдіктінің қызды ұрлағанын мәлімдеген. Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі істі ерекше бақылауға алды. Ал Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қылмысқа құқықтық баға беруді тапсырған еді. Кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы, оның бірінші орынбасары қызметінен босатылып, бірқатар полиция қызметкері ішкі істер органдарынан шығарылды.

Материал авторы