2763

TikTok-та боқтық сөз айтқан талдықорғандық әйел қайтадан жазаланды

Сот әйелді кінәлі деп танып, әкімшілік жаза қолдану туралы шешім шығарды.

TikTok-та боқтық сөз айтқан талдықорғандық әйел қайтадан жазаланды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорған тұрғыны TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полиция интернет кеңістігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтап отырады. Осындай тексерулердің бірінде TikTok-та тікелей эфир жүргізіп отырған әйелдің былапыт сөздер айтып отырғаны тіркелген.

Тәртіп бұзушы 44 жастағы Талдықорған тұрғыны Гүлмира Қасенова болып шықты.

Тексеру барысында оның бұған дейін де дәл осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталған. Соған қарамастан, әйел тағы да тікелей эфирге шығып, заң талаптарын бұзған.

Полицейлер жиналған материалдарды сотқа жолдаған. Сот әйелді кінәлі деп танып, оған әкімшілік айыппұл салды.

ІІМ интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

«Заң талаптарын бұзатын азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – делінген ведомство хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін де Қазақстанда TikTok пен басқа да платформаларда тікелей эфир кезінде бейәдеп сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған стримерлер жауапкершілікке тартылған болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор