2380

Қырғызстанда Өзбекстанға шығатын құпия туннель анықталды

Қараусыз қалған үйдің астынан Өзбекстанға шығатын жасырын жол табылды.

Қырғызстанда Өзбекстанға шығатын құпия туннель анықталды
batken_uvd

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанның Баткен облысында құқық қорғау органдары Өзбекстан шекарасы бағытына қарай қазылған жасырын жерасты туннелін анықтады. Алдын ала болжам бойынша, ол мемлекеттік шекара арқылы тауарларды заңсыз тасымалдау үшін пайдаланылған болуы мүмкін.

Баткен облыстық ішкі істер басқармасының мәліметінше, экстремизм мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес қызметінің мамандары шекара маңында жерасты өткелі салынып жатқаны туралы ақпарат алған.

Тексеру барысында Қадамжай ауданындағы Чечелик ауылында орналасқан қараусыз қалған үйден Өзбекстан аумағына қарай бағытталған туннель табылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жерасты құрылысының тереңдігі шамамен 12 метрді, ал ені 1,5 метрді құрайды.

Қазір оқиға бойынша сотқа дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеушілер туннельдің қандай мақсатта салынғанын, оны кімдердің қазғанын және пайдаланғанын анықтап жатыр.

Құқық қорғау органдарының алдын ала болжамынша, жерасты өткелі мемлекеттік шекара арқылы түрлі тауарларды заңсыз өткізудің арнасы ретінде қолданылған болуы мүмкін.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор