2325

«Нұрайды қоймай мазалады»: Марқұмның құрбысы сотта жан түршігерлік жайттарды айтты

Нұрайдың жақын құрбысы сотта Шерханның әрекеттері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Нұрайды қоймай мазалады»: Марқұмның құрбысы сотта жан түршігерлік жайттарды айтты
Татьяна Корякина/Kazinform

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте өтіп жатқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде марқұмның жақын құрбысы куәлік беріп, айыпталушы Шерхан Аймаханның Нұрайды ұзақ уақыт бойы мазалап жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Шерхан қызды ғана емес, айналасындағы адамдарды да үрейде ұстаған. Бұл туралы Stan.kz басылымы жазды.

Куәгердің сөзінше, Шерхан Алматыға Нұрайды іздеп бірнеше рет келген. Өзі көрген кезде бір рет келгенімен, кейін Ақсезімнің айтуынша, тағы 3-4 мәрте іздеп барған. Тіпті Нұрайдың университетіне дейін барғаны айтылды.

«Сол кезден бастап қатты қорықтым. Тағы келіп қалмай ма, тағы бірдеңе сұрамай ма деп үйден шығуға қорқатын болдым», – деді куәгер сотта.

Оның айтуынша, Шерхан алғаш кездескен күні де өзін қайта-қайта сыртқа шақырып сөйлесуге тырысқан. Қорыққан қыз дереу Ақсезімге хабарласып, көмек сұраған. Кейін Ақсезім құрбысымен бірге келіп, оны үйге кіргізген.

Куәгер осы оқиғадан кейін Шерханмен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартқанын айтты. Соған қарамастан, айыпталушы Нұрай туралы қайта-қайта сұрап, оларды кездестіруді өтінген.

Сот барысында куәгер Нұраймен соңғы рет өткен жылдың 29 желтоқсанында кездескенін айтты. Оның сөзінше, сол күні Нұрайдың көңіл күйі көтеріңкі болған.

Ал қайғылы хабарды ол 11 қаңтар күні түнде құрбыларынан естіген.

Куәгер әлеуметтік желіде тараған түрлі пікірлерге де тоқталып, Нұрайдың ешқашан жанжал шығаратын адам болмағанын айтты.

«Нұрай ешқашан біреуге тиісіп, ұрыс шығаратын адам емес. Ол туралы айтылып жүрген мұндай сөздердің бәрі шындыққа жанаспайды», – деді ол.

Сондай-ақ куәгер Шерханның Нұрайға бұрын қоқан-лоқы көрсеткені, оны күштеп көлікке отырғызғаны, телефонын тартып алып бұғаттағаны және киімін ауыстырғаны туралы Ақсезімнен естігенін жеткізді. Бұл оқиғалардың куәгері өзі болмағанын да нақтылады.

Оның айтуынша, Шерхан Нұрайдың өзін ғана емес, бүкіл отбасын мазалаған. Соның салдарынан марқұмның ата-анасы телефон нөмірлерін бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болған.

Куәгер Нұрайдың туған күніне қатысты бір оқиғаны да еске алды. Оның айтуынша, 15 қараша күні Нұрай Шымкентте жүрген кезде олардың үйінің алдына үлкен ақ раушан гүлдері жеткізілген. Ақсезім гүлдің Шерханнан келгенін айтқан соң, оны қоқысқа тастаған.

Сотта куәгер Шерханның «Нұрайға гүл сыйладым, ақша бердім» деген мәлімдемесін де жоққа шығарды.

«Бұл шындық емес. Нұрай ешқашан біреуден ақша сұрайтын адам болған жоқ. Егер шынымен гүлді Нұрайға жібергісі келсе, оның Шымкентте екенін білер еді», – деді ол.

Сот соңында куәгер Нұрайға қатысты барлық ақпаратты тікелей емес, бірге тұрған Ақсезім арқылы жеткізіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, соңғы айларда Нұраймен бұрынғыдай жиі араласпағанымен, Ақсезім арқылы барлық жағдайдан хабардар болып отырған.

Еске салайық, Шерхан Аймаханға адам өлтіру, адамды заңсыз бостандығынан айыру және сталкинг баптары бойынша айып тағылған. Қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор