2562

«Маған қоқан-лоқы жасалып жатыр»: Белградтағы қайғылы оқиға куәгері үндеу жасады

Белградта қаза тапқан қазақ қызының ісі бойынша пәтер иесі алғаш рет мәлімдеме жасады.

«Маған қоқан-лоқы жасалып жатыр»: Белградтағы қайғылы оқиға куәгері үндеу жасады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Белградта қаза тапқан қазақстандық қыздың өліміне қатысты өзін оқиғаның куәгері деп таныстырған азамат әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, өзіне қоқан-лоқы жасалып жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол тергеу аяқталмай жатып қорытынды жасамауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Сербия астанасы Белградта Қазақстан азаматшасының қаза тапқаны туралы ақпарат тараған болатын. Марқұмның жақындары әлеуметтік желілер арқылы оқиғаға қоғам назарын аударып, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап еткен еді.

Енді қайғылы оқиға болған пәтердің иесі видеоүндеу жасап, өзі туралы жалған ақпарат тарап жатқанын және түрлі қоқан-лоқыға ұшырап жатқанын айтты.

Оның сөзінше, марқұм Амираның ата-анасы тергеу аяқталмай тұрып, ешқандай дәлелсіз өзін кінәлап отыр.

«Мен туралы жалған ақпарат таратып, қоқан-лоқы жасап жатыр. Амираның ата-анасы тергеу аяқталмай жатып, ешбір дәлелсіз мені айыптауда. Шын мәнінде, ол менің көз алдымда балконнан секіріп кетті. Неліктен бұлай жасағанын әлі күнге дейін түсіне алмаймын», – деді ол.

Сондай-ақ жігіттің айтуынша, кейін марқұмның қойындәптеріндегі жазбалармен танысқан соң, жағдайдың кейбір тұстары айқындала бастаған.

Ол жазбаларға сүйене отырып, Амираның ұзақ уақыт бойы суицид туралы ойлармен күрескенін және депрессияда болғанын алға тартты. Алайда бұл мәліметтер тергеу органдары тарапынан ресми түрде расталған жоқ.

Жігіт марқұмның ата-анасымен байланысуға бірнеше рет әрекет жасағанын, ал отбасы кейін өзі туралы жарияланған материалдарды әлеуметтік желіден өшіргенін де айтты.

«Егер олар менімен байланысып, бұл қайғылы оқиғаға менің қатысым жоқ екенін мойындаса, мен жариялаған барлық бейнежазба мен жазбаларды дереу өшіремін. Олардың ауыр жағдайын түсінемін. Менің өзіме де бұл оқиға өте ауыр тиді», – деді ол.

Сонымен қатар видеоүндеу авторы оқиға бойынша тергеу әлі жалғасып жатқанын еске салып, ресми қорытынды шыққанға дейін асығыс тұжырым жасамауға шақырды.

Айта кетейік, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын және марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеген болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор