«Авторлық әндерім аз емес»: Димаш Құдайберген сынға жауап берді
Өнер иесі әлеуметтік желідегі сын-пікірлерге сабырмен жауап берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлемдік әнші Димаш Құдайберген әлеуметтік желіде өз шығармашылығына қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Өнер иесі халық әні «Aqerke» композициясына түсірілген жаңа бейнебаяннан кейін видеоүндеу жариялады.
31 шілдеде жарық көрген «Aqerke» әнінің бейнебаяны тыңдармандар арасында қызу талқыланды. Көпшілік жаңа туындыны жоғары бағаласа, кейбір қолданушылар Димаштың шығармашылығына сын айтып, оның авторлық әндерінің аз екенін және көбіне опера мен классикалық шығармаларды орындайтынын жазған.
Бұл пікірлерге жауап берген әнші өзінің ұзақ жылдар бойы әртүрлі музыкалық бағытта еңбек етіп келе жатқанын айтты.
«Шын мәнінде, осы жылдар ішінде операдан бастап поп, рок, этно, тіпті рэпке дейін түрлі жанрда жұмыс істедім. Маған кез келген жанр жақын. Репертуарымның басым бөлігін өзім продюсерлік еткен авторлық әндер құрайды», – деді Димаш.
Әншінің айтуынша, ол халық әні «Aqerke» шығармасын өзгерту үшін емес, оны жаңа өңдеуде әлем тыңдармандарына туған жердің рухын таныстыру мақсатында орындаған.
«Бұл видеоны өзімді дәлелдеу үшін емес, шығармашылығымды жерлестеріме түсіндіру үшін жазып отырмын. Әр адамның өз талғамы бар. Мен әр пікірді құрметтеймін», – деді ол.
Сондай-ақ Димаш Құдайберген келесі әні түрік тілінде жарық көретінін хабарлады.
Материал авторы