Ақтөбе облысында экс-әкім үкімді өзгертемін деген әйелге алданып қалды
Әйел бұрынғы әкімді толық ақтап шығарамын деп уәде беріп, қызметі үшін 8 миллион теңге сұраған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында бұрынғы Шалқар қаласының әкімі өзін ақтап шығарамын деген әйелге 4 миллион теңге беріп, алаяқтың құрбаны болды. Кейін әйелдің уәдесі орындалмай, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды.
Басылымның мәліметінше, бұрын 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген экс-әкім сот үкімімен келіспей, оны өзгертуге көмектесетін адам іздеген.
Сол кезде туыстары оған өзін заңгер ретінде таныстырған Қаламқас С.-ны ұсынған. Бұрынғы әкім әкесімен бірге әйелдің үйіне барған. Әйел оның ісі бойынша ақтау үкімін шығаруға ықпал ете алатынын айтып, қызметі үшін 8 миллион теңге сұраған.
Экс-әкім сұралған соманың 4 миллион теңгесін бірден берген. Бір аптадан кейін әйел мәселенің шешіліп жатқанын айтып, оң нәтиже шыққан соң қалған қаражатты төлеуді талап еткен. Алайда кейін бұрынғы әкім ақталмай, ісі өзгеріссіз қалған.
Тергеу барысында экс-әкімнің әйелмен ешқандай келісімшарт жасамағаны, ақшаны түбіртексіз тапсырғаны анықталды. Ал күдікті бұл қаражатты қарыз ретінде алғанын алға тартқан.
Сондай-ақ оның қылмыстық ісінде пәтерге қатысты алаяқтық эпизодтары да болғаны белгілі болды. Бұл әрекеттерді ол сыбайласымен бірге жасағаны айтылды.
Соттың үкімімен 54 жастағы Қаламқас С. алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залында бірден қамауға алынды.
Оның сыбайласы Ақбота Т. да 6 жылға сотталды. Алайда кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, оған жазаны өтеу үш жылға кейінге шегерілді.
Сот екі сотталушыны жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.
Материал авторы