Тоқаев тапсырмасы: Қазақстанда бір аптада бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба іске қосылды
Жаңа вокзалдар, сапалы ауыз су және тұрғын үйлер мыңдаған азаматтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында еліміздің бірқатар өңірінде инфрақұрылымдық, көлік және әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандар пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкіметтің ресми Telegram арнасы жазды.
Елде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, халықты сапалы ауыз сумен және баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Өткен аптада бірнеше маңызды жоба аяқталып, пайдалануға берілді.
Ақмола облысында Курорт – Бурабай, Ақкөл, Макинск, Шортанды, Жақсы, Сарыоба, Ерейментау, Еркіншілік, Өлеңті, Державинск, Жалтыр және Аршалы стансаларындағы теміржол вокзалдары толық жаңғыртылды. Апатты әрі ескірген ғимараттардың орнына кең күту залдары бар жаңа кешендер бой көтеріп, инженерлік желілер мен перрондар толық жаңартылды. Сонымен қатар барлық вокзалда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта жасалып, заманауи желдету, ауа баптау және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды.
Ақтөбе облысында Шалқар және Шұбарқұдық теміржол вокзалдарын реконструкциялау аяқталды. Ғимараттардың қасбеті, шатыры, инженерлік желілері мен ішкі бөлмелері жаңартылып, жаңа жиһаздар мен қажетті жабдықтар қойылды. Нәтижесінде Шалқар вокзалының аумағы 472,8 шаршы метрден 833,6 шаршы метрге дейін, ал Шұбарқұдық вокзалы 111,2 шаршы метрден 207,3 шаршы метрге дейін кеңейді.
Алматы облысының Іле ауданында жылына 3,5 миллион дана шина сақтауға қауқарлы San Baiserke қойма кешені пайдалануға берілді. Жоба ТМД аумағындағы шиналарды сақтауға арналған ең ірі логистикалық хабтардың біріне айналды. Жалпы аумағы 22,6 гектар болатын кешен құрамына қоймалар, қайта өңдеу зауыты, сервистік орталық, 180 орындық жатақхана және саябақпен жабдықталған әлеуметтік инфрақұрылым кіреді. Жаңа орталық Қазақстан өңірлері мен Орталық Азия елдеріне өнімді көтерме жеткізуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысында ұзындығы 39,3 шақырым болатын «Тама–Тастанбек» топтық су құбыры іске қосылды. Соның арқасында Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғыны жерасты көздерінен алынатын сапалы ауыз сумен тәулік бойы қамтамасыз етіледі.
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 30 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Жоба жергілікті әкімдік пен Отбасы банкінің ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар жыл соңына дейін өңірде шамамен 900 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Материал авторы