Оралда құрылыс алаңында жұмысшы тірілей топыраққа көмілді
Үйінді астында қалған жұмысшыны құтқарушылар аман алып шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орал қаласында құрылыс алаңында жұмыс істеп жатқан ер адамды топырақ басып қалып, ол өздігінен ордан шыға алмай қалған. Зардап шегушіні құтқарушылар аман алып шықты.
Оқиға Абай даңғылы бойындағы құрылыс нысанында болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іргетасты оқшаулау жұмыстары кезінде топырақ опырылып, жұмысшыны басып қалған. Соның салдарынан ер адам қазаншұңқырдан өз күшімен шыға алмаған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен зардап шегушіні үйінді астынан абайлап шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Ер адам медициналық тексеру үшін ауруханаға жеткізілді. Оның нақты қандай жарақат алғаны әзірге нақтыланып жатыр.
ТЖМ жер қазу жұмыстары кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңызын еске салды. Ведомствоның мәліметінше, қазаншұңқырлар мен траншеяларда жұмыс жүргізер алдында олардың қабырғалары міндетті түрде бекітілуі тиіс. Себебі топырақтың опырылуы жұмысшылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Материал авторы