1091

Астанада бұрынғы бірге тұрған әйелін 4 ай бойы аңдыған ер адам сотталды

«Детектив» еркек адам аңдығаны үшін қоғамдық жұмыспен айналысатын болды.

Астанада бұрынғы бірге тұрған әйелін 4 ай бойы аңдыған ер адам сотталды
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада бұрын бірге тұрған әйелін бірнеше ай бойы аңдып, мазалаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.

Елорда прокуратурасының мәліметінше, ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылғанына қарамастан, ол төрт ай бойы бұрынғы бірге тұрған әйеліне қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жіберген. Сондай-ақ әйелдің тұрғылықты жеріне барып, үйінің маңында күтіп жүрген және оны балағаттаған.

Прокуратураның мәліметіне сәйкес, мұндай әрекеттердің салдарынан жәбірленуші өз қауіпсіздігі мен кәмелетке толмаған қызының амандығына алаңдап жүрген. Бұдан бөлек, оның жеке қауіпсіздікке және еркін қарым-қатынас жасауға қатысты құқықтары бұзылған.

Мемлекеттік айыптаушы сот барысында айыпталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Прокуратура сталкинг адамның еркінен тыс онымен байланыс орнатуға немесе оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен байланысты болмаса да елеулі зиян келтіретін әрекеттер екенін еске салды. Мұндай құқық бұзушылық үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор