Алматы облысында 17 жастағы қыз екі аптадан бері табылмай жатыр
Түнде үйінен шығып кеткен қызды іздеу жалғасып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында 17 жастағы Ясмина Шертаеваны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бойжеткен осыдан екі аптаға жуық уақыт бұрын түнде үйінен шығып кеткеннен кейін хабар-ошарсыз жоғалған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Ясмина Шертаева 21 шілде күні сағат 23:30 шамасында Қарасай ауданындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Іздеу тобының мәліметінше, қыздың соңғы жүрген жері бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрларда оның Қарасай ауданындағы Алматы – Бішкек тас жолының бойында орналасқан «Долан» аялдамасында, «Бамбарбия Кергуду» ресто-барының маңында жүргені көрінеді.
Осыдан кейін не болғаны әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр. Қыздың аялдамадан қандай көлікпен кеткені және қай бағытқа бет алғаны әзірге анықталмаған.

Белгілі болғандай, Ясмина үйден орамалсыз шыққан. Сондай-ақ бейнежазбаларда оның қолында ұялы телефон болғаны байқалады. Алайда телефон нөмірі мен IMEI-коды әзірге анықталмаған.
Еріктілер Алматы – Бішкек тас жолымен 21 шілде күні сағат 23:30 мен түнгі 00:00 аралығында жүрген жүргізушілерден көмек сұрады. Әсіресе «Бамбарбия Кергуду» ресто-бары мен «Долан» аялдамасы маңынан өткен азаматтардан автотіркеуіш жазбаларын қарап шығуды өтінді.
Егер әлдекім бойжеткенді көрген болса, көлігіне мінгізіп әкеткен болса немесе оқиғаға қатысты қандай да бір ақпаратқа ие болса, еріктілерге +7 (705) 105-31-31 немесе +7 (701) 375-92-91 нөмірлері арқылы хабарласу сұралды.
Еріктілердің айтуынша, тіпті болмашы көрінген мәліметтің өзі іздеуде шешуші рөл атқаруы мүмкін. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Материал авторы