Ресейде ту бейнеленген төсеніш үшін Өзбекстан азаматы елден қуылды
Полицейлер рейд барысында әйелдің пәтерінен Ресей туы бейнеленген төсенішті тауып, тексеру бастаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде еңбек мигранты ретінде жүрген Өзбекстан азаматы пәтерінен Ресей туы бейнеленген төсеніш табылғаннан кейін елден шығарылатын болды. Өзбекстанның Көші-қон агенттігі бұл ақпаратты растады.
Ведомствоның мәліметінше, әйелдің елге оралуына Көші-қон қорының қаражаты есебінен әуе билеті рәсімделген. Оның Өзбекстанға 6 тамыз күні қайтарылуы жоспарланып отыр.
Оқиға Нижегород облысында жүргізілген рейд кезінде анықталған. Полицейлер әйел тұратын пәтерден Ресейдің мемлекеттік туы – үш түсті ту бейнеленген төсенішті тапқан.
Осыдан кейін құқық қорғау органдары оған қатысты Ресей Федерациясының мемлекеттік туын қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастырған.
Өзбекстанның Көші-қон агенттігі қазіргі уақытта Қазан қаласындағы Бас консулдықпен және Ресейдің құзырлы органдарымен бірлесіп оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ дипломаттардың әйелмен тұрақты байланыста екені және оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқаны хабарланды.
Материал авторы