3938

Бибісара Асаубаева әлемнің үздік бестігіндегі Қытайдан тыс жалғыз шахматшы атанды

FIDE жариялаған жаңа рейтинг Бибісара Асаубаеваның әлемдік элитадағы орнын тағы бір мәрте бекіте түсті.

Бибісара Асаубаева әлемнің үздік бестігіндегі Қытайдан тыс жалғыз шахматшы атанды
Lennart Ootes / FIDE

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) 1 тамызда әйелдер арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады. Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева үздік бестіктегі орнын сақтап қалды. 

22 жастағы Бибісара Асаубаева 2538 рейтингтік ұпаймен әлемдік рейтингте бесінші орында тұр. Осылайша ол өз мансабындағы ең үздік нәтижесін қайталады. Қазақстандық шахматшы алғаш рет әлемнің үздік бестігіне биыл шілде айында енген болатын.

Қазіргі таңда Бибісара әлемдік рейтингтің алғашқы бестігіндегі Қытайдан тыс жалғыз шахматшы саналады. Алғашқы төрт орынды қытайлық спортшылар иеленген. Рейтинг көшін 2596 ұпаймен Хоу Ифань бастап тұр. Одан кейін Лэй Тинцзе (2561), қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь (2553) және Чжу Цзиньэр (2550) орналасқан.

Қазақстандық шахматшыны төртінші орыннан небәрі 12 рейтингтік ұпай бөліп тұр. Ал рейтинг көшбасшысынан арадағы айырмашылық – 58 ұпай.

2026 жылдың алғашқы жеті айында Бибісара Асаубаева айтарлықтай серпіліс жасады. Жыл басында ол 2497 ұпаймен әлемдік рейтингте 11-орында болса, бүгінде бесінші орынға көтеріліп, 41 рейтингтік ұпай қосты.

Бұл нәтижеге Кипрде өткен әйелдер арасындағы Үміткерлер турнирінде күміс жүлде алуы және беделді Norway Chess Women турнирінде жеңіске жетуі үлкен ықпал етті. Дәл осы жеңістен кейін Бибісара алғаш рет әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енді.

Материал авторы