Әскери антта жалғыз қалған сарбаздың видеосы желіні жылатты (ВИДЕО)
Әскери ант қабылдау рәсімінде жанында ешбір туысы болмаған сарбаздың оқиғасы әлеуметтік желіде кеңінен тарады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ІІМ Ұлттық ұланының 5548 әскери бөлімінде жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Әскери қызметшілер үшін ерекше мәнге ие бұл күнде олардың ата-аналары, туыстары мен достары келіп, қуаныштарын бірге бөлісті. Алайда жүздеген сарбаздың арасында жанында ешкімі болмаған бір жас жауынгердің әсерлі сәті әлеуметтік желіде кең тарады. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты рәсім аяқталған соң келушілер сарбаздарды құттықтап, құшақтап, естелік суретке түсіп, ізгі тілектерін білдірді. Ал көпшіліктен шетте үнсіз тұрған жас жауынгерге сол күні ешбір жақыны келе алмаған.
Бұл көріністі Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева байқап қалады. Ол сарбазға жақындап, қысқаша тілдесіп, кейін осы сәттің бейнежазбасын әлеуметтік желіге жариялаған.
Жас сарбаздың шынайы сезімі қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Бір тәулікке жетпейтін уақытта бейнеролик шамамен 1,5 миллион қаралым жинап, мыңдаған адам оған қолдау білдірген пікірлер қалдырған.
Видеодағы сарбаз – Орал қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған қатардағы жауынгер Владимир Усов. Оның айтуынша, белгілі себептерге байланысты ата-анасы әскери ант қабылдау рәсіміне қатыса алмаған.
– Әрине, осындай маңызды күні ата-анамның жанымда болғанын қаладым. Бірақ олардың жағдайын түсінемін. Ең бастысы – олар менің аман-есен екенімді біледі. Мен әскери борышымды абыроймен атқарып, олардың сенімін ақтау үшін бар күшімді саламын, – деді сарбаз.
Кейін әскери бөлім басшылығы салтанатты рәсімге келе алмаған ата-аналар үшін бейнебайланыс ұйымдастырды. Соның арқасында жас жауынгерлер жақындарымен тілдесіп, құттықтауларын қабылдауға мүмкіндік алды.
Материал авторы