2233

Чемоданнан табылған шетелдік әйелдің өлімі әлі күнге дейін жұмбақ боп қалды

Әзірге сарапшылар әйелдің нақты неден қайтыс болғанын анықтай алмай отыр.

Чемоданнан табылған шетелдік әйелдің өлімі әлі күнге дейін жұмбақ боп қалды
Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Грекия астанасы Афинада чемодан ішінен мәйіті табылған 38 жастағы Ұлыбритания азаматы Элизабет-Джейн Росстың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Істі ашу үшін Грекия полициясының кісі өлтіру істерімен айналысатын арнайы бөлімінің 60-тан астам қызметкері жұмылдырылған. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды.

Әйелдің мәйіті 18 шілде күні Афинаның Кипсели ауданындағы қараусыз қалған автотұрақ аумағынан табылған. Чемоданды кездейсоқ үйсіз адам байқап, бірден полицияға хабарлаған.

Элизабет-Джейн Росс Афинаға 26 маусымда Эдинбургтен демалысқа келген. Бұған дейін ол АҚШ-та тұрып, қайырымдылық саласында еңбек еткен. Жақындарының айтуынша, ол көпшілікке көмектесуге тырысатын мейірімді жан болған.

Алғашқы сот-медициналық сараптама нақты қорытынды шығармаған. Мамандар әйелдің мәйіті табылғанға дейін бірнеше күн бұрын қайтыс болған болуы мүмкін екенін айтады. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері немесе айқын жарақаттар анықталмаған.

Тергеу барысында чемоданнан алынған ДНҚ үлгілері де күдіктіні анықтауға мүмкіндік бермеген. Осыған байланысты полиция бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қайта қарап, әйелдің соңғы жүрген бағыттарын анықтауға күш салып жатыр.

Белгілі болғандай, Росс 15 шілдеге дейін Пирей порты маңындағы Керацини ауданында танысының үйінде тұрған. Кейін ол АҚШ-тан келген достарымен бірнеше күн өткізетінін айтып, Кипсели ауданына кеткен. Алайда тергеушілер әзірге сол америкалық азаматтарды анықтай алмаған.

Полиция мәліметінше, 15 шілдеден кейін әйелмен байланыс үзілген. Тергеу дәл осы күннен кейінгі кезеңге және оның кімдермен кездескеніне бағытталған. Әйелдің Афинадағы өзге таныстары жауап бергенімен, олардың ешқайсысы күдікті ретінде қарастырылып отырған жоқ.

Тергеушілердің тағы бір назар аударған жайттарының бірі – әйелдің ұялы телефоны оның көз жұмғанынан кейін де пайдаланылған. Әкесі қызының қайтыс болғанын білмей жүрген кезде одан бірнеше мәтіндік хабарлама алғанын айтқан. Хабарламаларда әйелдің «жалғыз қалғысы келетіні» жазылған.

Полицияның болжамынша, бұл хабарламалар оның жоғалып кеткені туралы бірден дабыл көтерілмеуі үшін әдейі жіберілген болуы мүмкін. Телефонның соңғы цифрлық ізі Афина аумағында тіркелген.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары Элизабет-Джейн Росстың нақты неден қайтыс болғанын анықтау үшін қосымша токсикологиялық және тіндік сараптамаларды жедел жүргізіп жатыр. Тергеушілер істің ақиқаты анықталатынына сенімді болғанымен, бұл үшін әлі уақыт қажет екенін айтады. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор