1332

Жамбылдағы атыс: марқұмның отбасы бұрыннан қоқан-лоқы көрсетілгенін мәлімдеді

Полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлағанымен, марқұмның жақындары әділ тергеу жүргізілуіне алаңдаушылық білдіріп отыр.

Жамбылдағы атыс: марқұмның отбасы бұрыннан қоқан-лоқы көрсетілгенін мәлімдеді
Криминальный Казахстан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында атыстан қаза тапқан азаматтың туыстары оған қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын айтып, істің әділ тергелуін талап етті.

Туыстарының әлеуметтік желідегі мәліметіне сәйкес, 1 тамыз күні түнгі сағат 03:00 шамасында Тұрар Рысқұлов ауданының Луговое ауылындағы Пушкин көшесінде Ахмет Дүкенбайға оқ атылып, ол көз жұмған.

Марқұмның жақындары қылмысқа ауданда әрекет етеді деп есептелетін қылмыстық топтың мүшелері қатысы болуы мүмкін деп санайды. Олардың айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін Ахмет Дүкенбай бірнеше мәрте қорқыту мен қоқан-лоқыға ұшыраған. Алайда бұл ақпаратты полиция ресми түрде растаған жоқ.

Марқұмның отбасы мен әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі жеке бақылауына алуды, айтылған қоқан-лоқыларды мұқият тексеруді және қылмысқа қатысы болуы мүмкін барлық тұлғаны анықтауды сұрады.

Туыстары осы уақытқа дейін оқиғаның толық мән-жайы түсіндірілмегенін айтып, кінәлілер жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.

Марқұмның артында жұбайы, кішкентай балалары және жалғыз ұлынан айырылған қарт ата-анасы қалған.

Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта қылмыстық істі жан-жақты, толық әрі объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор