Атырауда той кортежіне қатысқан сегіз адам жазаланды
Полицейлер әлеуметтік желіде тараған бейнежазба арқылы жол қозғалысы ережесін бұзған көлік жүргізушілері мен жолаушыларды анықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда жол қозғалысы ережесін бұзған той кортежінің сегіз қатысушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның мәліметінше, заң бұзушылық әлеуметтік желілерге жарияланған бейнежазбаны бақылау барысында анықталған. Видео 2 тамыз күні анықталып, оқиғаның 1 тамызда сағат 20:00 шамасында Әбілқайыр хан даңғылында болғаны белгілі болды.
Тексеру барысында Volkswagen Polo және Lada Priora автокөліктерінің жүргізушілері мен жолаушылары жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттер жасағаны анықталған.
Полицейлер кортежге қатысқан сегіз адамның жеке басын анықтап, оларды жолда маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, апатты жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Полиция әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар тұрақты түрде бақылауда болатынын және анықталған құқық бұзушылықтардың барлығына заң талаптарына сәйкес шара қолданылатынын еске салды.
Материал авторы