Қазақстанда жаз басталғалы бері жаңартылған 70 теміржол вокзалы ашылды
Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жоба еліміздің теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдетті.
Қазақстанда жаз басталғалы бері күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өткен 70 теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Оның ішінде 40 нысан шілде айында ашылған. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынған. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі жазды.
Жаңғырту жұмыстары тек ірі өңірлік вокзалдарды ғана емес, шағын станцияларды да қамтыды. Ең көп нысан Ақмола облысында жаңартылып, онда 12 вокзал жөндеуден өтті. Қарағанды облысында 11 нысан қайта жаңғыртылды. Оның ішінде жолаушылар платформалары мен Қарағанды – Сортировочная станциясының инфрақұрылымы да жаңартылған.

Сонымен қатар жөндеу және реконструкция жұмыстары Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Ұлытау облыстарында жүргізілді.
Жобалар барысында нысандардың техникалық жағдайына қарай күрделі жөндеу жүргізіліп немесе жаңа жолаушылар кешендері салынды. Кейбір станцияларда ескі ғимараттар сүріліп, олардың орнына жаңа вокзалдар бой көтерді. Басқа нысандарда вокзалдардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш конструкциялар күшейтілді, конкорстар салынып, жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары қайта жаңартылды.
Барлық вокзалдарда шатырлар мен қасбеттер жаңартылып, су, жылу, кәріз, электр және байланыс жүйелері толық ауыстырылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, аумақтар абаттандырылды. Сондай-ақ заманауи жиһаздар, навигациялық жүйелер, желдету және кондиционерлеу жабдықтары, бейнебақылау камералары, өрт және күзет дабылдары, қолжетімділікті бақылау жүйелері, интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылды.

Ерекше назар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға аударылған. Вокзалдар пандустармен, лифттермен, көтергіш құрылғылармен, тактильді навигациямен, қызметкерлерді шақыру батырмаларымен, арнайы санитарлық бөлмелермен және ақпараттық көрсеткіштермен жабдықталды.
Бірқатар вокзалдардың аумағы да айтарлықтай кеңейтілді. Мәселен, Орал вокзалының аумағы 5 778 шаршы метрден 6 346 шаршы метрге дейін ұлғайса, Шетпе станциясында бұл көрсеткіш 201 шаршы метрден 1 090 шаршы метрге дейін артқан. Шалқар, Қазыбек бек және Жетісу станцияларында да ғимараттар кеңейтілді. Ал Ақшыстанциясында жаңа аялдау павильоны салынса, Теміртау станциясында жолаушылар платформасы толық жаңғыртылды.

Жаңартылған вокзалдар бүгінде күн сайын ондаған мың жолаушыға қызмет көрсетіп, Қазақстан өңірлерімен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бағытындағы теміржол қатынасын қамтамасыз етіп отыр.
Министрліктің мәліметінше, атқарылған жұмыстар нәтижесінде теміржол вокзалдары барлық санаттағы жолаушылар үшін әлдеқайда жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді бола түсті. Бұл өз кезегінде көлік қызметінің сапасын арттырып, жолаушылар тасымалын дамытуға серпін береді.
