1196

«Ұрғашы мен еркек бірге отырмауы керек!»: Жетісайда тойдағы уағыз қызу талқыға түсті

Музыканы «харам» деген той қонағының сөзіне Роза Әлқожа жауап беріп, Ерлан Қарин үн қатты.

«Ұрғашы мен еркек бірге отырмауы керек!»: Жетісайда тойдағы уағыз қызу талқыға түсті
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісайдағы тойлардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтып, әйелдер мен ерлердің бірге отыруын және музыканы сынаған ер адамның видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырған оқиғаға әнші Роза Әлқожа мен Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де пікір білдірді.

Даулы видеоны әлеуметтік желідегі парақшасында Роза Әлқожа жариялаған.

Бейнежазбада сөз сөйлеген ер адам мұсылмандар шариғат талаптарын ұстануы тиіс екенін айтып, тойларда арақтың қойылмай қалғанын оң өзгеріс ретінде бағалайды. Сонымен қатар ол енді музыкадан бас тарту және ерлер мен әйелдердің бірге отырмауы қажет екенін айтқан.

Сондай-ақ ол әншілерге қатысты да жағымсыз пікір білдіріп, олардың қызметін шариғатқа қайшы деп бағалаған.

Әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында мұндай пікірмен келіспейтінін ашық айтты.

Ол Жетісай өңірі ежелден ұлттық дәстүр мен имандылық қатар сақталған аймақ екенін атап өтті. Әншінің айтуынша, үлкен жиындардан бөлек жағдайда ерлер мен әйелдер бөлек отырады. Ал өздері той иесінің шақыруымен келіннің сәлем салу рәсіміне барғанын, алайда құдалар келмегендіктен бұл дәстүр өткізілмегенін түсіндірді.

Роза Әлқожа тойда сөйлеген адамның сөзін тұтас музыка өнеріне тіл тигізу деп бағалап, мұндай көзқарастың қоғамға кері әсер ететінін айтты.

Сонымен бірге ол Жетісайдағы діни ахуалға жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты сұрақ қойып, өзіне бағытталған сөздерді жеке басқа тиісу әрі қорлау ретінде бағалайтынын жеткізді. Әнші заңгерлерден мұндай әрекеттер үшін қандай құқықтық жауапкершілік қарастырылатынын сұрады.

Оқиғаға қатысты Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де пікір білдірді.

Ол әйелдерді кемсіту, музыка мен өнерге қарсы пікір айту ұлттық дүниетанымға да, Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі қағидаттарына да қайшы екенін айтты.

Ерлан Қариннің сөзінше, Қазақстанның басты ұстанымы – Конституция. Сондықтан қоғамдық өмірде діни шектеулерден бұрын ел заңдары басшылыққа алынуы тиіс.

Сондай-ақ ол өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды орынсыз асыра сілтеу деп бағалап, еліміз білімге, ғылымға, мәдениет пен өнерге басымдық беретін мемлекет екенін атап өтті.

Мемлекеттік кеңесші көпшілік алдында адамдарды кемсіту мен өз көзқарасын өзгелерге күштеп таңуды әдепке жат әрекет деп бағалап, қоғам ұлттық құндылықтар мен өзара құрмет қағидаттарын сақтауы қажет екенін жеткізді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор