851

Солтүстік Кипрде қазақстандық қызды пышақтап кетті: СІМ мәлімдеме жасады

Шабуылдаушы қызға пышақ жарақатын салғаннан кейін өзіне де қол жұмсаған.

Солтүстік Кипрде қазақстандық қызды пышақтап кетті: СІМ мәлімдеме жасады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Кипрде Қазақстан азаматына жасалған пышақ шабуылы туралы ақпарат тарады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, 22 жастағы Жанерке Әбдіразақова Никосия қаласындағы супермаркеттердің бірінде ауыр жараланған.

Жергілікті полицияның мәліметіне сәйкес, оқиға 3 тамыз күні сағат 11:45 шамасында Никосиядағы Metropol Market супермаркетінде болған.

Белгісіз ер адам әзірге анықталмаған себеппен қызға пышақпен шабуыл жасап, кейін өзіне де дене жарақатын салған.

Жәбірленуші мен күдікті доктор Бурхан Налбантоглу атындағы мемлекеттік ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қазақстандық қыздың жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Бірқатар шетелдік басылымдар шабуыл жасаған адам қыздың бұрынғы жігіті болуы мүмкін деген ақпарат таратты. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, Солтүстік Кипрдің құзырлы органдарымен тұрақты байланыста жұмыс жүргізіп жатыр.

Министрлік ресми ақпарат түскен сайын қосымша мәлімет жарияланатынын атап өтті. Сондай-ақ ведомство жағдай ерекше бақылауда екенін және жергілікті билікпен өзара іс-қимыл жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор