«Келіскен өзі, қарсы болған отбасы»: Сотта Шерхан Аймаханның анасы мәлімдеме жасады
Марқұмның әкесі сотта күдіктінің бұрыннан қыздың соңына түскенін айтып, айыпталушының анасынан жауап талап етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте өтіп жатқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймаханның анасы мен әжесі куәлік берді. Олар Нұрайды алып келген күні бойжеткеннің өз келісімін бергенін айтып, қарсылықты оның отбасы білдіргенін мәлімдеді.
Айыпталушының анасы Айгүл Макенованың айтуынша, Нұрайды сол күнге дейін танымайтын болған. Оның сөзінше, қыз үйге келген кезде қарсылық танытпаған және бірден оған орамал тағылмаған.
Ол алдымен Нұрайға тамақ берілгенін, кейін келісімі сұралғанын айтты. Айтуынша, Нұрай келісім берген соң ғана оған орамал жабылған.
Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қызға бірден орамал тағылып жатқанын айтып, келісім нақты қай кезде алынғанын сұрады. Бұған жауап ретінде Айгүл Макенова Нұрайдың келісімі көлік ішінде сұралғанын мәлімдеді.
Сот барысында адвокат Нұрай алып қашу оқиғасынан кейін тұрмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартқанын, осыдан кейін ұлына қызға жоламауды айтқан-айтпағанын да сұрады.
Айыпталушының анасы ұлына қызға жоламауды ескерткенін растады. Бірақ оның Нұрайды аңдып жүргенін білмегенін жеткізді.
Сот отырысында Нұрайдың әкесі Бауыржан да сұрақ қойды. Оның айтуынша, оқиғадан кейін Айгүл Макенова Нұрайдың туысына хабарласып, екі жастың қосылуына отбасы келісім беруін сұраған.
Бұған жауап берген Айгүл Макенова:
«Бір-біріне ғашық болды ғой, үйіндегілер келісім берсінші деп сұрадым», – деді.
Сонымен бірге ол ұлының қолын жарақаттау әрекетін де қызды жақсы көргенімен байланыстырды.
Ал Нұрайдың әкесі қызының бұл некеге келіспегенін алға тартты. Өз кезегінде айыпталушының анасы:
«Нұрай келісіп тұр ғой. Үйіндегілер келіспей тұр ғой», – деп жауап берді.
Сотта Шерхан Аймаханның әжесі Фатима Макенова да куәлік беріп, Нұрайдың өз еркімен келгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, қыздың келісімі алынбайынша орамал тағылмаған.
Айта кетейік, Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр. Айыптау нұсқасы бойынша, күдікті алдымен қызды алып қашқан, кейін оны ұзақ уақыт аңдыған. Кейін Нұрайға пышақпен шабуыл жасап, ол оқиға орнында көз жұмған.
Іс аясында адам өлтіру және сталкинг баптары бойынша айып тағылған. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес айыпталушының есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін мәлімдеген. Сот процесі жалғасып жатыр, ал іс бойынша түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.
Материал авторы