Қарағанды облысында өндірістегі екі апаттан үш адам қаза тапты
Екі оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында екі өндіріс орнында болған қайғылы оқиғалар салдарынан үш адам көз жұмды. Қазіргі уақытта екі дерек бойынша да арнайы комиссиялар құрылып, қылмыстық істер қозғалды. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, алғашқы қайғылы оқиға маргарин зауытының аумағында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұмыс барысында қозғалып келе жатқан теміржол құрамы жүк көлігіне орнатылған контейнерге соғылған. Соққыдан көлік ығысып, контейнер маңында тұрған екі жұмысшыны басқа контейнерлерге қысып қалған. Ауыр жарақат алған екі қызметкер оқиға орнында қаза тапқан.
Ведомствоның хабарлауынша, оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.
Екінші өндірістік апат құс фабрикасында тіркелді.
Еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, биогаз қондырғысының компрессорлық бөлмесінде жиналған газ тұтанып, артынша өрт шыққан. Соның салдарынан үш жұмысшы күйік алған. Олардың бірі кейін ауруханада қайтыс болды. Қалған екі адам ем қабылдап жатыр.
Бұл оқиға бойынша да арнайы комиссия жұмысын бастаған.
Қарағанды облыстық полиция департаменті екі дерек бойынша да қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, маргарин зауытындағы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігімен, ал құс фабрикасындағы апат бойынша 156-баптың 3-бөлігімен тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта тергеушілер болған оқиғалардың барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.
Материал авторы