Intel CEO-сы қазақстандық стартапқа небәрі 30 минутта инвестиция салуға келісті
Intel компаниясының басшысы стартаптың стратегиясын жоғары бағалап, инвестиция туралы шешімді бір кездесудің өзінде қабылдаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана мен Кремний алқабында кеңселері бар Nace.AI жасанды интеллект стартапы Intel компаниясының бас директоры Лип-Бу Таннан инвестиция тартты. Бұл компанияның ірі корпоративтік AI шешімдерін дамытудағы және жаһандық нарықтағы позициясын күшейтудегі жаңа кезеңі саналады.
Компанияның негізін қалаушы әрі бас директоры Дос Бақытжанның айтуынша, инвестиция салу туралы шешім бар болғаны 30 минутқа созылған кездесуден кейін қабылданған.
«Біздің стратегиялық көзқарасымыз толық сәйкес келді. Лип-Бу Танға AI-модельдерді ауқымды деңгейде дамыту жөніндегі ұстанымымыз ұнады. Шешім өте жылдам қабылданды. Осындай тәжірибелі инвесторлар мықты команда мен сапалы өнімді көргенде ұзақ ойланбайды», – деді ол.
Лип-Бу Тан – Walden International венчурлік қорының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы. Ол ондаған жыл бойы әлемдегі жүздеген технологиялық компанияға инвестиция құйған. Сонымен қатар Cadence Design Systems пен Hewlett Packard Enterprise директорлар кеңесінің мүшесі болған. Қазір ол әлемдегі жетекші чип өндірушілердің бірі – Intel компаниясын басқарады.
Nace.AI-дың негізгі мақсаты – компаниялардың ішкі жұмысын басшылар деңгейінде түсіне алатын және басқарушылық шешім қабылдауға көмектесетін жасанды интеллект платформасын дамыту.
Компанияның технологиясы бизнестің ішкі процестерін, корпоративтік саясаттарын, қаржылық деректерін, келісімшарттарын, құжаттары мен есептерін жан-жақты талдап, ұйымдағы нақты ахуалды көрсетеді.

Стартаптың басты бағыттарының бірі – жаңа буындағы AI-агенттерді әзірлеу. Компания мәліметінше, адамның орындауына шамамен 2–3 мың жұмыс сағаты қажет болатын міндеттерді бұл AI-агенттер 60–72 сағаттың ішінде орындай алады.
Мұндай жүйелер тек жекелеген тапсырмаларды автоматтандырып қана қоймай, бүкіл бизнес-процесті кешенді түрде талдап, әлсіз тұстарды анықтап, тиімділікті арттыру жолдарын ұсынады.
Айта кетейік, Nace.AI бұған дейін де халықаралық инвесторлардан 21,5 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан. Ол мәміле 36 сағатқа жетпейтін уақытта аяқталған болатын. Қазір компания корпоративтік жасанды интеллект технологияларын жетілдіріп, халықаралық нарықтағы қызмет аясын кеңейтуді жалғастырып келеді.