Таиландтағы сұмдық іс: Күдіктілер тағы бірнеше адамның өліміне қатысы болуы мүмкін
Ресейлік әпкелі-інілі бауырларды аяусыз өлтіргендер тағы екі адамның қайда жерленгенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таиландта ресейлік ағалы-қарындас Диана мен Роман Назимовтардың өліміне қатысты тергеу жаңа бағыт алды. Полицияның мәліметінше, бұл қылмысқа күдікті азаматтар тағы бірнеше адамның өліміне қатысы болуы мүмкін. Бұл туралы РИА Новости агенттігі жазды.
Паттайя маңындағы Хуай-Яй полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілер бірнеше жыл бойы бірқатар кісі өлтіруді жасаған болуы ықтимал деген нұсқаны тексеріп жатқанын мәлімдеді.
Тергеу барысында ресейліктердің және тағы үш Таиланд азаматының мәйіттері табылған орман аумағында кемінде тағы екі адамның жерленуі мүмкін екені анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, негізгі күдіктілердің тағы үш сыбайласы болған. Олардың екеуі қамауға алынған.
Полиция қазір негізгі айыпталушы, бұған дейін үш рет сотталған Тхана Кэттхонгтың («Понг» лақап атымен белгілі) бостандықта жүрген кезеңдерінде тіркелген барлық адам жоғалу фактілерін қайта тексеріп жатыр.
Тергеушілердің айтуынша, күдікті жауап алу кезінде 17 жастағы Романды өзі атып өлтіргенін, ал оның 22 жастағы әпкесі Диананы өлімші етіп соққыға жыққанын мойындаған.
Қазір ресейліктер мен көрші қабірден табылған үш Таиланд азаматының мәйіттері Бангкоктағы сот-медициналық сараптама институтына жіберілген. Сараптама қорытындысы тергеу материалдарына қосылады.
Еске салсақ, Диана мен Роман Назимовтар 26 шілдеде жоғалып кеткен. Кейін олардың Honda ADV 150 маркалы мотоциклі бөлшектелген күйде Чонбури провинциясындағы ескі зират маңынан табылған.
Артынша екі күдікті ұсталып, ағалы-қарындасты өлтіргендерін мойындаған. Олардың айтуынша, бастапқыда мотоциклді ұрламақ болған. Алайда жастар қарсылық көрсеткен соң, Романды атып, Диананы аяусыз соққыға жыққан.
Күдіктілер мәйіттердің жасырылған орнын да көрсеткен. Сол жерден тағы үш Таиланд азаматының – ер адам, әйел және қыз баланың мәйіттері табылған.
Бұл қылмыс Таиланд қоғамында үлкен резонанс туғызды. Полиция бөлімінің алдына жиналған жұрт күдіктілерге өлім жазасын талап етсе, Таиланд премьер-министрі бұл оқиғаны ел үшін «сұмдық масқара» деп бағалады.
Материал авторы