Онкологиямен ауыратын әйел банктегі 4,5 млн теңге қарызынан сот арқылы құтылды
Банктерде қарызы болған қазақстандық әйел ақыры сотта жеңіске жетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, II топтағы мүгедектігі бар әрі онкологиялық ауруға шалдыққан қазақстандық әйел бірнеше сот сатысынан өтіп, ақыры өзін банкрот деп тануға қол жеткізді.
Азаматша соттан өзін банкрот деп тануды сұраған. Оның банктер алдындағы қарызы 4,5 млн теңгені құраған. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талапты қанағаттандырмай, әйелдің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы 25,9 пайыздық үлесі бар екенін негізге алған.
Іс кейін Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа жетті. Жоғарғы сатыдағы сот төменгі соттардың ұстанымымен келіспеді.
Сот анықтағандай, аталған серіктестік екі жылдан астам уақыт бойы іс жүзінде қызмет атқармаған. Оның барлық мүлкі небәрі 103 мың теңгеге бағаланған, ал талапкердің үлесінің құны 26 677 теңгені ғана құрайды. Бұл сома қарызды өтеуге жеткіліксіз. Сонымен қатар әйел серіктестіктен ешқандай табыс алмаған, ал оның жалғыз кіріс көзі – мүгедектік бойынша алатын жәрдемақы болған.
Кассациялық сот мұндай жағдайда заңды тұлғадағы үлестің болуы өздігінен азаматты сот арқылы банкрот деп танудан бас тартуға негіз бола алмайтынын атап өтті. Сот мұндай істерде мүліктің нақты нарықтық құны мен борышкердің шынайы төлем қабілеті ескерілуі тиіс деген қорытындыға келді.
Нәтижесінде кассациялық сот төменгі сатылардың шешімдерін күшін жойып, әйелге қатысты сот банкроттығы рәсімін қолданды.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша берешекті реттеуге арналған Бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды. Ол борышкерлердің белгілі бір санатына қарыз мәселесін жеңілдетілген тәртіппен реттеуге мүмкіндік береді.
Материал авторы