873

Бурабайда демалушылар шашлык жеймін деп 432 мың теңгесінен қағылды

Орман арасындағы кәуаптың құны жарты миллионға жуықтады.

Бурабайда демалушылар шашлык жеймін деп 432 мың теңгесінен қағылды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орман ішінде кәуап әзірлеу үшін от жаққан демалушыларға 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мәлімдеді.

Ұлттық парк әкімшілігінің мәліметінше, өңірде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып, тиісті шектеулер күшінде болғанына қарамастан, кейбір келушілер өрт қауіпсіздігі талаптарын елемей келеді.

Кезекті рейд барысында мемлекеттік инспекторлар орман алқабында кәуап дайындау үшін от жаққан туристерді анықтады.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін демалушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 100 айлық есептік көрсеткіш (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар рейд қорытындысы бойынша табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 15 дерегі тіркелген.

Атап айтқанда, инспекторлар көліктердің жалпыға ортақ жолдардан шығып, орман алқабына заңсыз кірген 6 жағдайды, су айдындарының жағалауына заңсыз барған 7 жағдайды, сондай-ақ шатырларды арнайы белгіленбеген жерлерге тіккен бірнеше деректі анықтаған.

Ұлттық парк мамандары табиғат аясында демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор