974

Ақтауда жасөспірімдер оқушыны аяусыз соққыға жығып, видеосын қорқыту үшін жіберген

Оқушы бас тартқаннан кейін оны ұрып-соғып, болған оқиғаны видеоға түсірген.

Ақтауда жасөспірімдер оқушыны аяусыз соққыға жығып, видеосын қорқыту үшін жіберген
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда екі жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсіріп, оны басқа жасөспірімге қоқан-лоқы ретінде жіберген. Оқиғаға байланысты бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаменті хабарлады.

Жәбірленуші отбасының айтуынша, оқиға таңертең болған. Дүкенге шыққан мектеп оқушысын 16-17 жастағы екі жасөспірім тоқтатқан.

Туыстарының сөзінше, олар баладан басқа бір жасөспірімді үйінен алдап шығарып беруін талап еткен. Алайда мектеп оқушысы бұған келіспеген соң, күдіктілер оны соққыға жыққан.

Отбасының мәліметінше, шабуыл жасағандар болған жайтты жәбірленушінің телефонына видеоға түсіріп, жазбаны тағы бір жасөспірімге жіберген. Сонымен бірге, егер ол сыртқа шықпаса, дәл осындай жағдайға тап болатынын айтып қорқытқан.

Оқиғадан кейін күдіктілер ата-аналарымен бірге учаскелік полиция бөліміне жеткізілген. Жәбірленуші жақтың айтуынша, олар өз әрекеттерін жоққа шығармаған және тәртіп сақшыларының көзінше де өктем мінез көрсеткен.

Соққыға жығылған оқушы ауруханаға жеткізілді. Оның туыстары құқық қорғау органдарынан оқиғаны жан-жақты әрі әділ тергеп, кінәлілердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған.

Полиция бұзақылықтың адамдар тобы жасаған дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қақтығысқа қатысқан барлық тұлғалар анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілген. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар тиісті шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды.

 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор