934

Шымкентте тоғызыншы қабаттың терезесінен құлаған сәби көз жұмды

Екі жасар баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

Шымкентте тоғызыншы қабаттың терезесінен құлаған сәби көз жұмды
shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің тоғызыншы қабатындағы пәтердің терезесінен құлаған екі жасар сәби оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін, 5 тамыз күні Қаратау ауданындағы Нұрсәт шағынауданында болған.

2023 жылы туған бала ересектердің қарауынсыз қалып, абайсызда тоғызыншы қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Алған жарақатынан сәби оқиға орнында қайтыс болды.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Шымкентте балалардың терезеден құлауына байланысты 9 оқиға тіркелген. Оның 4-еуі қайғылы аяқталып, тағы 5 бала түрлі жарақат алған.

Осыған байланысты құтқарушылар ата-аналарға кішкентай балаларды бірнеше минутқа болса да қараусыз қалдырмауға шақырды.

Мамандардың айтуынша, масаға қарсы тор баланы құлаудан қорғамайды және оның салмағын көтере алмайды. Сондай-ақ терезенің жанына бала шығып кетуі мүмкін жиһаздарды қоймауға, терезелерге арнайы бекіткіштер мен ашылуын шектейтін құрылғылар орнатуға және балаларға ашық терезенің қауіпті екенін үнемі түсіндіріп отыруға кеңес берді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор